СЫРЫМДА САРБАЗДАР НЕГЕ ТАПШЫ?

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Сырым ауданы әкімдігінде әскерге шақыру жұмыстары талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов төрағалық етіп, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Серік Саянов, полиция қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Әскер жасына толған жастардың аты-жөні, қайда жұмыс істейтіні, қай мекенжайда тіркелгені жеке-жеке қаралды. Тіркеуде тұрғанымен, үйінде жоқ жастар көп, ал кейбірі шақыру қағазын алмағанын айтады.
Учаскелік полиция инспекторларының айтуынша, қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері округтерге жиі барып, нақты жұмыс жүргізуі тиіс. Яғни, мәселе тек жастарда емес, жауапты мекемелердің өзара байланысында да ауызбіршілік қажет секілді.
Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Серік Саяновтың баяндамасындағы сандар жағдайдың қаншалықты күрделі екенін дәлелдейді. 2026 жылдың 2 наурызынан бері 78 адам шақырылғанымен, соның тек 23-і ғана комиссияға келген. Медициналық тексерістен өткендер де — 23. Ал әскерге жарамдылар саны небәрі 3 адам. Қалғандары түрлі себеппен кейінге қалдырылған немесе жарамсыз деп танылған.
Ауылдық округтер бойынша да көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мысалы, Жымпиты ауылдық округінде шақырылуға тиіс 38 адамның тек 5-еуі ғана келген. Жосалы мен Талдыбұлақта бірде-бір адам келмеген. Бұл — тек статистика емес, ауыл жастарының әскери міндетке деген көзқарасын көрсететін нақты индикатор.
Облыстан берілген жоспар бойынша 18 адам әскерге жіберілуі тиіс болса, іс жүзінде тек 3 адам ғана аттанған. Яғни, жоспар орындалмаған. Оның себептері – жастардың медициналық комиссияға уақытылы жеткізілмеуі, патриоттық жұмыстардың әлсіздігі, басқа өңірлерге кетіп қалу арқылы әскерден жалтару және ауыл ішінде түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі.
Мәселенің тағы бір қыры — құқықтық жауапкершілік. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 743-бабы бойынша ескерту беріліп, айыппұл салынатыны айтылғанымен, бұл шаралар да түбегейлі нәтиже беріп отырған жоқ. Демек, тек жазалау емес, жүйелі түсіндіру мен тәрбие жұмыстары қажет.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов бұл жағдайға нақты баға берді:
«Балалар жауапкершіліктен жалтарып қашып жүр. Нәтижеге жұмыс жасайық. 102 аудан үшін бала көп. 1 жасты әскерге жіберсек, олда, нәтиже. Бала оқып жатыр ма, жарамсыз ба, үйленген бе — анықтап, тиісті құжатын тапсыру керек.
Үйінде жоқ азаматтарды есептен шығару, шақыру қағазын алмағандарға қатысты шара қолдану, медициналық сақтандыруы жоқтарды кезектен тыс тексеру, түлектердің нақты тізімін жасау. Алайда бұл ұсыныстар қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асқанда ғана нәтиже береді», — деді ол.
Серік Тоқмамбетов ауылдық округ әкімшілігі, қорғаныс істері және полиция бөлімдеріне бірлесіп, үй-үйдіаралап, әскерге шақырылған жастармен, ата-аналарымен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-syrym/press/news/details/1204043?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version