Цифрлық сервистер энергетикадағы процестердің мерзімін 80%-ға дейін қысқартты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялаудың негізгі нәтижелері мен бағыттарын таныстырды. Бұл жұмыс жекелеген автоматтандырудан жасанды интеллектті, онлайн-мониторингті және интеграцияланған цифрлық платформаларды қолдану арқылы бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруға көшуге бағытталған.
Бүгінгі таңда EnergyTech бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде. Аталған платформа QazTech талаптарына сәйкес энергетика, жер қойнауын пайдалану, қайта өңдеу және көмір өнеркәсібін қоса алғанда, саланың негізгі бағыттарын біріктіріп, басқарудың бірыңғай цифрлық контурын қалыптастырады. Платформаны әзірлеуді аяқтау және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
2025 жылы бірқатар цифрлық шешімдер енгізілді. Атап айтқанда, күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен оны өтуін мониторингтеу жүйесі іске қосылды, ол генерация объектілерінің активтері, жөндеу жұмыстары мен жұмыс режимдерін онлайн бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бірыңғай энергия жүйесімен интеграция жүзеге асырылып, электр энергиясының коммерциялық есебі деректері негізінде орталықтандырылған онлайн-мониторингке көшу қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ станциялардың шекті тарифтерін бекітуге арналған цифрлық сервис енгізіліп, әкімшілік жүктеме 56%-ға қысқартылды. Ұлттық жоба аясында электр және жылу энергиясын есепке алудың цифрлық шешімдері енгізілуде. Күзгі-қысқы кезең мониторингін цифрландыру дайындық мерзімін 90 күнге дейін қысқартуға және апаттылықты 25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Энергоресурстарды есепке алуды цифрландыру жалғасуда. Oil Track жүйесінде 325 мұнай базасы тіркелген, оның ішінде 146-сы бақылау-өлшеу құралдарымен жабдықталып, деректерді нақты уақыт режимінде береді. Сонымен қатар барлық мұнай өңдеу зауыттары есепке алу жүйелерімен толық қамтамасыз етілген.
Газ саласында цифрлық есеп жүйесі арқылы ілеспе және табиғи газ өндіру көлемінің 58%-ы қамтылған, барлық жер қойнауын пайдаланушыларды қосу арқылы 100% қамтуға қол жеткізу жоспарлануда.
Мұнайды ай сайын бөлу бойынша цифрлық сервис іске қосылды, ол өндіруші компаниялар, мұнай өңдеу зауыттары және көлік ұйымдары арасындағы процесті толық автоматтандыруды қамтамасыз етеді. Жүйе кестелерді қалыптастыру және бекіту мерзімін 80%-ға қысқартты, оған 93 компания қосылып, 2300-ден астам өтінім өңделді. Бұл шешім қолмен орындалатын операцияларды жойып, ашықтықты арттырып, нақты уақыт режимінде сенімді деректерге қол жеткізуді қамтамасыз етті.
Сонымен қатар сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа бөлу бойынша цифрлық сервис енгізілді. Бұл шешім жеткізілім көлемдерін келісу процестерін автоматтандырып, ашықтықты арттырды. Жүйеге 84 компания қосылып, келісу мерзімдері 60%-ға қысқарды. Желтоқсан айында Астана, Шымкент қалалары және Батыс Қазақстан облысында пилоттық режимде іске қосылған сервис арқылы өтінімдер беру мен бөлу толық цифрлық форматқа көшірілді.
Энергоресурстарды есепке алуды жаңғырту аясында 4 млн «ақылды» электр энергиясын есепке алу құралдарын орнату жоспарлануда, бұл нормативтік шығындарды азайтып, шамамен 57 млрд теңге көлемінде экономикалық тиімділік береді. Сондай-ақ 30 мыңнан астам «ақылды» жылу есептегіш құралдарын енгізу жоспарланған, бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес 15%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Министрлік халықаралық және отандық IT-компаниялармен бірлесіп жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізуде. Электр беру желілерін дрондар мен ЖИ арқылы дефектоскопиялау және жылу желілерін роботтандырылған кешендермен диагностикалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылып, оң экономикалық нәтиже көрсетуде. Аталған шешімдер қазіргі уақытта нормативтік бекіту және ауқымдау кезеңінде.
Отын-энергетика кешенін басқару мен қауіпсіздіктің бірыңғай цифрлық инфрақұрылымы қалыптастырылуда. Оның ішінде Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығы мен Ситуациялық-талдау орталығы құрылып, деректерді нақты уақыт режимінде жинау, тексеру және талдау қамтамасыз етіледі, сондай-ақ саланы басқарудың тәуекелге бағдарланған моделіне көшу жүзеге асырылуда.
Digital Qazaqstan стратегиясы аясында 2026 жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Олардың қатарында энергетика және мұнай-газ секторы объектілерінің цифрлық егіздерін жасау, онлайн-мониторинг жүйелерін дамыту, энергоресурстардың цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету, жасанды интеллект шешімдерін енгізу және критикалық инфрақұрылымның киберқауіпсіздігін күшейту бар. Бұл шаралар жалпы алғанда энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға, саланы басқару тиімділігін күшейтуге және энергетика кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1205503?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version