Өңірге келіссөздер жүргізу үшін Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясының өкілдері келді.
Айта кетейік, биылғы жылдың басында Ақтөбе облысының делегациясы Қытайға барып, Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясымен келіссөздер жүргізіп, оның өндірістік алаңдарымен танысқан еді. Кездесу қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында хромды терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта қытайлық тарап бұрын қол жеткізілген келісімдер аясында жобаны іске асырудың мәселелерін пысықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Кездесу барысында облыс әкімі Асхат Шахаров атқарушы директор Тан Шуанцюаньмен хромды терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Асхат Шахаров Қазақстан мен Қытай арасында жоғары деңгейдегі стратегиялық әріптестік қалыптасқанын атап өтіп, Ақтөбе облысы жаңа инвестициялар үшін ашық екенін және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін алға тартты. Сонымен қатар, өңірде қытайлық компаниялардың қатысуымен бірқатар жоба сәтті жүзеге асырылып жатқанын, олардың экономика дамуына және жаңа жұмыс орындарын құруға үлес қосып отырғанын жеткізді.
Компанияның атқарушы директоры Тан Шуанцюань Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдіріп, өңірдің жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін әлеуеті зор екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ іс-шараға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кинжақұлов қатысып, инвестициялық жобаны сүйемелдеуде жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді.
Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясы жылына 200 мың тоннаға дейін өнім өндіретін, 600-ден астам жұмыс орнын құратын хромды қайта өңдеуге арналған заманауи химиялық кешен құрылысына 500 млн АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.
Жоба микроэлектроника, авиация және ғарыш өнеркәсібі үшін аса маңызды материал – жоғары тазалықтағы хром өндіруді көздейді.
Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылдық өнім көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде.
Жобаны талқылау барысында тараптар шикізат базасын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Бастапқы кезеңде өңірдегі жұмыс істеп тұрған кен өндіру кәсіпорындарынан хром концентратын жеткізу жоспарланып отыр.
Жобаның экологиялық құрамдас бөлігіне де назар аударылды. Компания хром құрамды материалдарды өңдеудің озық технологияларына, соның ішінде ресурстарды тұйық циклде пайдалану жүйелеріне және ағынды суларды тазартудың заманауи әдістеріне ие.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады және бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда әрі Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытуда маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1205562?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау