Тұран (Жаңақоныс-4) тұрғын алабына 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалардың ойын алаңы, спорт алаңы және футбол алаңы қатар салынды. Үш жыл өтсе де әлі күнге алаңдар тап-таза, әр мүлкі өз орнында бұзылмаған, сынбаған.
Себебі, сәл бұзылған тетігін көрсе, осы жерге жақын тұратын екі зейнеткер Жәния Ерниязова мен Жақсан Әбденов жөндеп қояды. Күн сайын балалар ойнап болған соң, Жәния апай алаңдарды сыпырып тазалап жүреді. Жақсан ағай тренажерлар мен әткеншектерді күн сайын тексеріп, сынып қалса дәнекерлеп қояды. Көктем сайын екеулеп ішін тазартып сенбілік өткізеді.
«Біздің елді мекен жаңадан салынып жатыр, тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Балалар ойнайтын осындай алаңдарды сындырып тастап жатқанын қала ішінде жиі көреміз. Тұрғындар әкімдік салып бергенді әрі қарай өздері күтіп ұстаулары керек. Мысалы, біз өзіміз отбасымызбен осы алаңды тазалаймыз, жөндейміз, айналасына ағаш отырғызамыз», – дейді зейнеткер.
Айта кету керек, бір ғана Астана ауданы бойынша соңғы 5 жылда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы 200-ден астам балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары орнатылды. Арасында бір жылға жеткізбей элементтерін сындырып, төсеніштерін жыртып, қоршауын бұзып тастағандары да бар. Оны сол жердің, сол ауланың тәрбиесіз тұрғындары мен олардың балалары істейді. Ал өздері «Әкімдік қайда қарап отыр, жөндеп берсін!» деп әлеуметтік желіге шағым жазады. Ондай тұрғындар үшін мына Жаңақоныс-4 елді мекенінде тұрғындар үшін салып берген алаңдарды өз еріктерімен үш жылдан бері күтіп ұстап отырған қос қарияның игі ісі үлгі болуы тиіс.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-akt/press/news/details/1206316?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау