Абай облысында “Жас Сақшы” сыныбы салтанатты түрде ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Абай ауданы Қарауыл гимназиясында “Жас Сақшы” сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазіргі таңда сынып құрамында 23 оқушы білім алуда. Бұл бастама өңірде алғаш рет жүзеге асырылып отырған ерекше жоба ретінде атап өтілді.

     Салтанатты шараға ата-аналар, ардагерлер, педагогтар және полиция қызметкерлері қатысты. Іс-шара барысында Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аблай Нұрымов “Жас Сақшы” сыныбының лентасын қиып, оқушылар алғашқы анттарын қабылдады.

     Салтанатты жиында Аблай Нұрымов жасөспірімдерге арнап сөз сөйлеп, тәртіп, патриоттық рух және құқық қорғау саласына деген құрметтің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол бұл сынып болашақ офицерлердің алғашқы қадамы екенін, мұнда білім мен тәртіп қатар қалыптасатынын жеткізді.

     Ішкі істер органдарының ардагері  Ержан Жакеев бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталып, оның жас ұрпаққа берері мол екенін атап өтті.

     Оқушылар офицерлердің жетекшілігімен кешенді дайындықтан өтеді. Бағдарлама аясында олар саптық дайындық, атыс қаруын бөлшектеу және жинау, құқықтық қызмет негіздері, криминалистика элементтерімен танысады. Сонымен қатар дене дайындығы мен өзін-өзі қорғау дағдыларын меңгереді. Бұл оқу үрдісі жалпы білім беру бағдарламасымен қатар жүзеге асып, оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

     “Жас Сақшы” сыныбы – тек арнайы дайындық алаңы ғана емес, сонымен қатар оқушыларды патриоттық рухқа, тәртіпке және азаматтық жауапкершілікке баулитын маңызды жоба. Бұл бастама жастарға құқық қорғау органдарының қызметін жақыннан тануға жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

     Осылайша Қарауыл гимназиясы жаңа буынды тәртіпке, білімге және елге қызмет етуге баулу бағытында айқын үлгі көрсетіп отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1206198?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version