Астанада өткен экологиялық саммитте Маңғыстау облысы өңірдің экотуризм әлеуетін таныстырды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтіп жатқан «Өңірлік экологиялық саммит – 2026» аясында Маңғыстау облысы өз әлеуетін таныстырды. Ауқымды халықаралық іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып, Орталық Азия елдері арасындағы экологиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Саммиттің басты мақсаты – экожүйелерді сақтау, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірдің биоалуантүрлілігін қорғау бағытында бірлескен шешімдер қабылдау. Диалог алаңы Біріккен Ұлттар Ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың қолдауымен өткізілуде.

Пленарлық отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және бірқатар елдердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Саммит барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін сақтау мәселесіне ерекше тоқталып, халықаралық қауымдастықты бірлескен іс-қимылға шақырды.

«Еліміз Каспий теңізінің тағдырына алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс», – деді Президент.

Іс-шара аясында Маңғыстау облысының әкімдігі экотуризм бағыты бойынша арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеде өңірдің бірегей табиғи нысандары – Үстірт қыраты, Бозжыра шатқалы және Торыш алқабы таныстырылып, табиғатты қорғау мен тұрақты туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар ұсынылды.

Өңірдің туристік және экологиялық әлеуетін таныстыру арқылы Маңғыстау облысы халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтуға және экологиялық бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1206528?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version