Астанада студент жастар арасында ағартушылық жұмыс аясында Қазақстанның жаңа Конституциясын насихаттауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Талқылауға студенттер, оқытушылар және арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.
Негізгі спикер ретінде заң ғылымдарының кандидаты, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті Екатерина Крушинская сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында Конституцияның құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын айқындайтын басты құжат екенін атап өтіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі азаматтардың рөліне тоқталды.
Кездесу барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтық жауапкершілік, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің арақатынасы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар конституциялық құндылықтарға саналы көзқарас қалыптастыру және жастардың қоғамдық өмірге араласуы тақырыптарына ерекше назар аударылды.
Пікірталас кезінде студенттер өз сұрақтарын қойып, Конституцияның қазіргі қоғамдағы рөлі туралы ойларын ортаға салды. Олардың айтуынша, мұндай диалог алаңдары құқықтық нормалардың мәнін тереңірек түсінуге және олардың күнделікті өмірге әсерін ұғынуға мүмкіндік береді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық ойлауды дамытуға, белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және мемлекеттік институттарға деген құрметті арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1206081?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау