Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау және су бұру саласында негізгі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Батыс Қазақстан облысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Орал қаласында қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту мен жаңа нысандар салуды қамтитын 4 ірі жоба жүзеге асырылуда.

Іске асырылып жатқан нысандардың бірі КНС-29 кәріз сорғы станциясының құрылысы. Қазіргі уақытта бөлшектеу және дайындық жұмыстары аяқталып, монолитті конструкцияларды тұрғызу жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру тәулігіне 14,7 мың м³ ағынды суды айдауды қамтамасыз етіп, су бұру жүйесінің тұрақты жұмысын арттырады.

Тағы бір бағыт, бес ұңғыманы бұрғылау және су құбырын салу арқылы жерасты су көздерін кеңейту. Бүгінгі күні ұңғымалар толық бұрғыланып, су желілерін тарту жұмыстары 95%-ға орындалды. Жоба жылына 2,8 млн м³ дейін қосымша су беруді қамтамасыз етіп, халық санының өсуін ескере отырып, сумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін арттырады.

Сонымен қатар КНС-1 кәріз сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта ғимарат конструкцияларын салу бойынша монолитті жұмыстар атқарылуда. Жоба аяқталғаннан кейін қаладағы ағынды сулардың 40%-ға дейін өңделуі қамтамасыз етіліп, су бұру жүйесінің тиімділігі едәуір артады.

Сондай-ақ ПНС-20 жоғарылатқыш сорғы станциясын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында жабдықтардың қуатын арттыру және су құбырының диаметрін ұлғайту қарастырылған. Қазіргі уақытта 1,47 км құбыр тартылды, оның ішінде бір бөлігі көлденең бағытта бұрғылау әдісімен жүргізілді. Жобаны іске асыру су желілерінің тозуын 0,5%-ға төмендетуге және апаттылықты 0,02%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңғырту Зачаганск елді мекенін сумен тиімді қамтамасыз етуге және жаңа абоненттерді қосуға жағдай жасайды.

Аталған жобаларды іске асыру инженерлік желілердің тозуын төмендетуге, апаттылықты азайтуға және өңірдің коммуналдық инфрақұрылымының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1205695?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version