Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жолды тарылту әдісін қайта қолданды. Олар Бескөл ауылы маңындағы ипподром тұсында орналасқан «Жезқазған — Петропавл» автожолының қарқынды учаскесіне ақ-сары түсті конустар орнатты.
Республикалық маңызы бар автожолдар — қауіптілігі жоғары аймақ. Облыс аумағында жыл басынан бері тіркелген әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы дәл осы жолдарда орын алған: 100 ЖКО-ның 19-ы зардап шеккендермен тіркелген. Жалпы, үш ай ішінде облыс жолдарында 15 адам қаза тапқан, оның 13-і — жылдамдық жоғары тасжолдарда.
Жолды тарылту — жүргізушілердің назарын арттыруға, тәртіпті күшейтуге, жылдамдықты асыру мен агрессивті жүргізуді болдырмауға мүмкіндік беретін тәсілдердің бірі. Тәртіп сақшылары автокөліктерді іріктеп тексеріп, жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізді.
Полиция жұмысы жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы қағидаларын сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1205599?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау