Өңірлік экологиялық саммит аясында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Еуропалық қайта құру және даму банкі басқарушы директоры Джанпьеро Наччимен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Елдік платформа аясындағы алдағы қадамдарды, оның ішінде Антальяда өтетін COP31 алаңында ресми іске қосуға дайындықты, сондай-ақ Камбар-Ата ГЭС-1 жобасы бойынша үкіметаралық келіссөздердің ағымдағы мәртебесін және халықаралық донорлардың қатысуымен ықтимал қаржыландыру құрылымын талқылады.
Энергетика секторындағы ЕҚДБ портфеліндегі жобаларға, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері мен электр желілерін жаңғырту бағытындағы отандық компаниялармен бірлескен жобаларға ерекше назар аударылды.
Министр ЕҚДБ-мен стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтіп, Банк энергетика саласындағы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға ұзақ жылдар бойы елеулі қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. Соңғы жылдары Банк қатысуымен шамамен 600 млн АҚШ доллары көлемінде келісімдер мен меморандумдарға қол қойылған, оның ішінде халықаралық климаттық қорлардың жеңілдетілген қаржыландыруы тартылған.
ЕҚДБ қолдауымен Қазақстанда жалпы қуаты 788 МВт болатын, құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын жаңартылатын энергия жобалары іске асырылды. Сондай-ақ Банк жаңартылатын энергия көздері саласындағы реформаларды, аукциондық тетіктерді дамыту, нормативтік базаны жетілдіру және инвестициялық жобаларды дайындаудың халықаралық стандарттарын енгізу ісінде маңызды рөл атқарып отырғаны атап өтілді.
Тараптар жалпы қуаты 1860 МВт болатын Камбар-Ата ГЭС-1 жобасын қаржыландыруға ЕҚДБ-ның қатысу перспективасын талқылады. Бұл жоба Орталық Азияның су және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.
Сонымен қатар әділетті энергетикалық өтпелі платформа (JETP) инвестиция тарту және декарбонизацияның тұрақты қаржылық архитектурасын қалыптастыру құралы ретінде ерекше аталды.
Кездесу қорытындысында тараптар энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, энергия тиімділігін арттыру және климаттық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға өзара мүдделілік танытты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1206283?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау