Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарына қарсы күресті тек жедел шаралармен ғана емес, алдын алу бағытында да жүйелі түрде жалғастыруда. Осы орайда Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Taldykorgan jastary» филиалының мамандары және еріктілермен бірлесіп, наркограффитиді жою және қала аумағын тазарту акциясын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланың тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды бүлдірудің алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Акцияға қатысушылар көшелерге шығып, есірткі заттарын жарнамалау белгілері бар заңсыз жазулар мен суреттерді жою жұмыстарын жүргізді.
Жұмыс барысында ғимараттардың қабырғалары, қоршаулар және қалалық инфрақұрылымның өзге де нысандары тазартылды. Нәтижесінде қоғамдық орындар ретке келтіріліп, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру жолында тағы бір маңызды қадам жасалды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, наркограффитимен күрес – тек эстетикалық мәселе ғана емес, сонымен қатар жастар арасында тыйым салынған ақпараттың таралу арналарының жолын кесудің маңызды тетігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1206229?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау