Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Жергілікті полицейлермен қатар, еліміздің басқа өңірлерінен келген қызметкерлер де жұмылдырылып, қала көшелеріндегі бақылау айтарлықтай күшейтілді.
Алғашқы нәтижелер қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр. Патрульдеу барысында суық қаруды заңсыз алып жүрудің 5 дерегі анықталып, әрбір факті бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, полицейлер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған Toyota Camry автокөлігін анықтады. Тексеру барысында көліктің ұрланғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта қажетті процессуалдық іс-шаралар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қорғау» жүйесі арқылы Chevrolet Cobalt көлігі тоқтатылды. Тексеру нәтижесінде аталған көліктің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұлдар бойынша 1,5 млн теңгеден астам берешегі бар екені анықталды. Сондай-ақ жүргізушінің көлік құралын жүргізу құқығы жоқ екені белгілі болды. Оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Іс-шараның екі күнінде қалада жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3 622 дерегі тіркелді. Олардың қатарында мас күйінде көлік басқару, жүргізу құқығынан айырылған тұлғалардың көлік басқаруы, жүргізуші куәлігінсіз басқару, жалған нөмірлерді пайдалану, қарсы бағытқа шығу, нөмірсіз көлік жүргізу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалану және басқа да құқық бұзушылықтар бар.
Жүргізіліп жатқан іс-шаралар жалғасуда. Негізгі мақсат – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жолдағы заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-shymkent/press/news/details/1205382?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау