Өңірдің мәдени тынысын танытатын өнер додасы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 20–24 сәуір аралығында облыс аудандары арасында өтуде.
Бүгінгі іріктеу кезеңінде кәсіби қазылар алқасы Жаңасемей ауданына арнайы барып, жергілікті өнерпаздардың шығармашылық әлеуетіне баға берді. Қайнар ауылдық мәдениет үйінде өткен концерттік бағдарламада қатысушылар талапқа сай мазмұнды нөмірлерін ұсынып, орындаушылық шеберлігімен қатар сахна мәдениетін, көркемдік шешімдерін және өз өңірлеріне тән өнер өрнегін көпшілік назарына паш етті.
Байқаудың ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету мақсатында оның жұмысына елге белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ саланың тәжірибелі мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы тартылған. Мұндай құрам қатысушылардың өнерін жан-жақты бағалауға, шығармашылық ізденістеріне кәсіби тұрғыдан зер салуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұл байқау өткен жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Өнер додасының басты мақсаты – өңірде өнер мен мәдениетті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, шығармашылық бастамаларды қолдау, көркемөнерпаздар ұжымдарының әлеуетін кеңінен таныту және ұлттық мәдени мұраны дәріптеу.
Байқаудың іріктеу кезеңі жалғасып, белгіленген бағдарлама аясында өзге ауданның өнерпаздары да өнер көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-zhanasemey/press/news/details/1207252?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау