Елдіктің тамыры – ауылда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елдіктің тамыры – ауылда. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамыту – мем­ле­кеттің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы Отырар ауданында да кең көлемде іске асып, жыл сайын нақты нәтижелермен толығып келеді. Бағдарлама аясында бөлінген қаржы мен атқарылған жұмыстар ауыл келбетінің жаңаруына, инфрақұрылымның нығаюына және тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына тікелей ықпал етті.
2019 жылы бағдарлама шеңберінде 606,8 млн теңге жоспарланып, соның 310,2 млн теңгесіне Шәуілдір ауылындағы Құрманбеков, Шәймерденов, Дүтбаев, Құлбатыров, Төлбасиев көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілді. Ал 296,6 млн теңге аудан орталығындағы мәдениет сарайы ғимаратын жаңғыртуға бағытталды. Нәтижесінде ауыл ішіндегі жол сапасы жақсарып, мәдени нысан заман талабына сай кейіпке енді.
2020 жылы да ілкімді істер жалғасын тауып, жалпы 899,8 млн теңге игерілді. Оның ішінде 626,2 млн теңге Шәуілдір ауылындағы орталықтандырылған жылу жүйелерін қайта құруға жұмсалса, 273,6 млн теңгеге лицей-интернат ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар әлеуметтік нысандардың сапасын арттырып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасады.
2021 жылы бағдарлама аясында 889,6 млн теңге жоспарланып, мәдениет және инфрақұрылым бағытындағы жобаларға басымдық берілді. Ауданға қарасты Балтакөл ауылында 200 орындық мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар газбен қамтамасыз ету бағытында 581,2 млн теңге қаралып, бірқатар елді мекендерде жұмыстар атқарылды. Арыс ауылында газ құбыры тартылып, М.Шойманов елді мекенінде газдандыру жүйесінің құрылысы жүргізілді. Отырар ауылында газ құбыры салынып, ел игілігіне тапсырылды. Көкмардан және Шытты елді мекендерінде де газдандыру жүйесінің құрылысы басталды.
2022 жылы газбен қамтамасыз ету бағытына 444,5 млн теңге жоспарланып, алдыңғы жылдан өтпелі жобалар жалғасын тапты. Арыс ауылында газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп, М.Шойманов елді мекеніндегі газдандыру жүйесі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Көкмардан мен Шытты елді мекендерінде газ жүйесін салу жұмыстары жалғастырылды.
2023 жылы бағдарлама аясында 1 072,3 млн теңге жоспарланып, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Көкмардан және Шытты елді мекендерінде газдандыру жүйесі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Арыс ауылында газ құбыры салынып, М.Шойманов елді мекеніндегі газдандыру жүйесі толық іске қосылды. Сонымен қатар Ақтөбе ауылында және М.Шойманов ауылында 150 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілді. Ауданның ішкі көшелерін орташа жөндеуге 491,6 млн теңге бөлініп, 10 елді мекендегі 14 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы бағдарлама шеңберінде 1 163,4 млн теңге бағытталып, басталған жобалар толық аяқталды. Ақтөбе және М.Шойманов ауылдарындағы 150 орындық мәдениет үйлері пайдалануға берілді. Сонымен бірге ауданның ішкі көшелерін орташа жөндеуге 396,3 млн теңге бөлініп, 7 елді мекендегі 16 көшеге жөндеу жүргізілді.
2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 638,2 млн теңге игеріліп, 8 елді мекенде 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Жалпы алғанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы Отырар ауданы үшін серпінді жобалардың алтын арқауына айналды. Жыл сайын бөлінген қаржы нақты нәтижеге ұласып, ауыл инфрақұрылымы жаңарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, елді мекендердің келбеті көркейе түсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-audany/press/news/details/1207094?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version