Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың өңірде хоккейді жүйелі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Көкше Арена» спорт кешенінде өткен кеңесте Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының облыстық филиалы қызметін күшейту туралы шешім қабылданды.
Федерацияның облыстық филиалының жаңа президенті болып көп жылдық тәжірибесі бар басшы Асен Жақсылықов тағайындалды. Ол көрсетілген сенім үшін алғыс білдіріп, жаңа нәтижелерге қол жеткізу үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін жеткізді.
Ақмола хоккейінің басты бренді – Көкшетау қаласының «Арлан» хоккей клубы, ол Қазақстан чемпионатының тұрақты көшбасшыларының қатарында. 2023–2024 және 2024–2025 маусымдарының қорытындысы бойынша команда ел чемпионы атанды, ал 2024 жылы Қазақстан Кубогының үш дүркін иегері болды.
Балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, жуырда өткен Қазақстан чемпионатының U-13 командалары арасындағы плей-офф кезеңінде «Арлан» командасы екінші орын алып, «А» санатына өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыста 5,7 мыңнан астам адам хоккеймен айналысады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1208411?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау