Астанада қазақтың дәстүрлі музыкалық өнерін насихаттау және сақтау мақсатында ұйымдастырылған «Күй күмбірі» республикалық акциясының қатысушылары марапатталды. Жалпы ел бойынша ұлттық мәдениетті дамытуға және жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан 80 педагогқа құрмет көрсетілді.
Қарағанды облысынан 12 ұстаз марапатқа ие болды. Олардың екеуіне төсбелгі табысталса, қалғандары Қазақстан Республикасы Президентінің алғысымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Балқаш қалалық балалар өнер мектебінің директоры Гүлжихан Жексембекова Президенттің Алғысымен марапатталса, домбыра сыныбының педагогі Айжан Нұрбекова Алғыс хатқа ие болды.
Марапаттарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова табыстады.
— Бұл марапат біздің ұжым үшін де, өзім үшін де үлкен қуаныш әрі маңызды оқиға болды. Президенттің Алғысын алу — зор мәртебе, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Ең алдымен, бұл — бүкіл мектебіміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. Ұлттық өнер дәстүрлерін сақтап, балаларды домбыраға баулудағы еңбегіміздің мемлекеттік деңгейде бағалануы бізді шынайы қуантады. Бұл алдағы жұмысты жалғастыруға берілген үлкен мотивация деп білемін. Біз халқымыздың мәдени мұрасын жас балқаштықтардың жүрегінде сақтап қалу үшін алдағы уақытта да еңбек ете береміз, — деді Гүлжихан Жексембекова.
Педагогтердің еңбегі, сондай-ақ «Күй күмбірі» қозғалысының өзі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерге деген білім мен сүйіспеншілікті келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1208337?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау