МАҚТААРАЛДА КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
2026 жылғы 24 сәуірде Мақтаарал аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы Анарбеков төрағалық етті.
Комиссия отырысына аудан прокуратурасы, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар қызметі өкілдерімен қатар, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтар, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, медицина саласының мамандары, колледждердің педагог-психологтары және кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселелер кеңінен қаралды. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, ерте жүктілік жағдайларының жолын кесу, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған және оларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың профилактикасын күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін және мүгедектігі бар балалардың сапалы білім алу құқықтарын қамтамасыз ету және оларға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің тиімділігі сараланды.
Жиын барысында жауапты мекеме басшылары өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, орын алып отырған мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды. Баяндамашылар профилактикалық жұмыстарды күшейту, білім беру және әлеуметтік қолдау жүйелерінің өзара ықпалдастығын арттыру, сондай-ақ балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі шараларды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, комиссия отырысында жеке істер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Отырысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол барлық құзырлы органдарға профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыруды және әрбір баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Комиссия қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатын болды.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1208415?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version