Мейрамбек Ахметов: еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттік еңбек инспекциясының басты назарында

Жарияланды:

Автор:

категорияда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 2026 жылдың І тоқсанының қорытындылары туралы жан-жақты баяндап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарға тоқталды.

Сөз басында ол Комитет қызметінің негізгі басымдықтарына тоқталды.

«Мемлекеттік еңбек инспекциясының басты міндеті – еңбек құқықтарын қорғау. Біз еңбек заңнамасының бұзылуын болдырмауға, еңбек даулары тәуекелдерін азайтуға, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге және әлеуметтік-еңбек саласына цифрлық шешімдерді енгізуге баса мән беріп келеміз», – деді Мейрамбек Ахметов.

Баяндамасында ол есепті кезеңде ауқымды бақылау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Бірінші тоқсанда 16 726 азаматтың өтініші қаралды, 1 723 жоспардан тыс тексеру және профилактикалық бақылау аясында 92 тексеру өткізілді. Нәтижесінде 2 065 еңбек заңнамасын бұзу дерегі анықталып, 1 110 нұсқама берілді. Жалпы сомасы 136 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды», – деп мәлімдеді Комитет төрағасы.

Сонымен қатар жалақы бойынша берешек мәселесіне де ерекше тоқталып өткен Ахметов бұл бағытта оң динамика байқалатынын жеткізді.

«Биылғы жылдың 20 сәуіріндегі жағдайға сәйкес жалақы бойынша ағымдағы және мерзімі өткен берешек 36%-ға, яғни 876 млн теңгеден 554 млн теңгеге дейін азайды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік бақылау аясында 17,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды», – деді ол.

Мейрамбек Ахметов еңбек дауларының алдын алу және мониторингтің цифрлық құралдарын пайдалану мәселелеріне де тоқталды.

«Бақылаумен қатар профилактикалық бағыттағы жұмысты күшейтіп келеміз. Қазіргі таңда Еңбек тәуекелдері картасына шамамен 98 мың кәсіпорын енгізілген. Бұл бізге жағдайды нақты уақыт режимінде бақылап, ықтимал тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Тоқсан қорытындысы бойынша жоғары тәуекел деңгейіндегі кәсіпорындар саны 530-ға азайып, 5 265-тен 4 735-ке дейін төмендеді. Бұл – жүйелі әрі нысаналы жұмыстың нәтижесі», – деді ол.

Сонымен қатар 1 сәуірдегі жағдай бойынша 1 896 кәсіпорынның ұжымдық еңбек даулары туындау қаупі жоғары аймақта қалып отырғаны айтылды.

«Мұндай кәсіпорындардың басым бөлігі ірі қалалар мен өнеркәсіптік өңірлерде орналасқан. Бұл профилактикалық шараларды одан әрі күшейтуді және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды арттыруды талап етеді», – деді Комитет төрағасы.

Сондай-ақ өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ереуілдер саны екі есеге қысқарып, 6-дан 3 жағдайға дейін азайған. Дегенмен жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы негізгі келіспеушіліктер жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту және өзге де мәселелерге байланысты болып отыр» – деді ол.

Мейрамбек Ахметов Комитет жұмысының нақты нәтижелерге бағытталған жүйелі тәсілге негізделгенін атап өтті.

«Біз әлеуметтік-еңбек саласының маңызды бағыттарын қамтитын алты негізгі көрсеткіш бойынша тұрақты мониторинг жүргіземіз. Атап айтқанда, ұжымдық шарттарды цифрландыру, еңбек шарттарының санын арттыру, профилактикалық бақылау, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, кәсіби тәуекелдерді бағалау және ақпараттық сүйемелдеу. Тоқсан қорытындысы бойынша бірқатар бағытта жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалды. Мәселен, жоспарланған 1 128 ұжымдық шарттың орнына 1 612 шарт цифрландырылды. Еңбек шарттары бойынша жоспар 197 894 болса, нақты 260 558 шарт жасалды. Профилактикалық бақылау да жоспардан асып, 77 тексерудің орнына 92 тексеру жүргізілді», – деп толықтырды Ахметов.

Ең жоғары көрсеткіш жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасау бойынша тіркелді: жоспардағы 10 521 шарттың орнына іс жүзінде 68 943 шарт жасалған.

Әлеуметтік-еңбек қатынастарын цифрландыру да негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

«Бүгінде ірі және орта кәсіпорындардың 18,7 мыңында ұжымдық шарттар цифрландырылған. Сонымен қатар hr.enbek платформасы негізінде ұжымдық шарттарды электрондық форматта жасауға мүмкіндік беретін модуль енгізілді», – деді Комитет төрағасы.

2026 жылдың ІІ тоқсанына арналған жоспарлар туралы айта келе, ол жұмыстың негізгі бағыты цифрлық құралдарды дамыту мен жұмыс берушілермен проактивті өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталатынын жеткізді.

«Алдағы кезеңде ақпараттық жүйелерді мемлекеттік органдармен интеграциялауды кеңейту, Еңбек тәуекелдері картасын жетілдіру, сондай-ақ кәсіпорындарды ықтимал бұзушылықтар туралы алдын ала хабардар етудің проактивті тетіктерін енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.

Сөз соңында Мейрамбек Ахметов Комитет жұмысы тұрақты мониторинг пен жедел әрекет ету қағидатына негізделгенін атап өтті. Бұл тәуекелдерді дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға және халықты ашық ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

«Басты мақсатымыз – еңбек адамының құқықтарын қорғау, заңдылықты сақтау және кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленісті төмендету», – деп түйіндеді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgit/press/news/details/1207826?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version