Бүгін, 24 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай белоруссиялық «1AK-GROUP» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында инвесторлар өңірде өнеркәсіптік сорғылар зауытын салу жобасын ұсынды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 21 млн АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорын құрылысы екі кезеңде жүзеге асырылады. Жоба аясында мұнай-газ, су және химия салаларына арналған орталықтан тепкіш сорғылар мен модульдік сорғы станцияларын өндіру жоспарланып отыр.
Жоба Қазақстандағы сорғы жабдықтарына деген жоғары импорттық тәуелділікті төмендетуге бағытталған. 2024 жылы елімізде бұл өнім түрі бойынша импорт көлемі 521 млн АҚШ долларын құраған. Жаңа өндіріс ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, ЕАЭО елдері мен Каспий маңы өңіріне экспортқа шығуға мүмкіндік береді.
Инвестор – «1AK-GROUP» компаниялар тобы. Компания ТМД және ЕАЭО кеңістігінде өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар, аккумуляторлық батареялар өндірісімен айналысатын ірі құрылымдардың бірі.
Кездесу барысында облыс әкімі жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
– Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды бастама. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірге түсетін салық түсімдері артады. Инвесторларға қолайлы жағдай жасап, жобаның сапалы әрі уақтылы іске асырылуына заң аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1208307?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау