Жоба оқырман мәдениетін дамытуға, ұлттың интеллектуалды әлеуетін нығайтуға және әдебиет арқылы рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Өңірде бұл бастама жұртшылықтың кең қолдауына ие болып, ерекше серпін алды.
Еліміздің үш өңірінде – Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында іске асырылған пилоттық жобаның нәтижесі бойынша Қарағанды облысы айрықша көрсеткіштер көрсетті. Мұнда 67 824 қатысушы тіркеліп, өзге пилоттық аймақтар арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында арнайы Жобалық кеңсе құрылды. Ол бастаманың үйлестіруші және зияткерлік орталығына айналды. Кеңсе қызметі тек ақпараттық қолдаумен шектелмей, команда шалғай ауылдар мен аудандарға шығып, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарды жобаға белсенді тарту арқылы оның географиялық ауқымы мен әлеуметтік қамту аясы едәуір кеңейді.
Сонымен қатар, цифрлық кеңістіктегі жұмысқа баса назар аударылды. Жобаның Instagram және Telegram желілеріндегі ресми парақшалары ашылып, Kitap Battle, Kitap News, «Ой-тұжырым» секілді тақырыптық айдарлар іске қосылды. Олар жай ғана медиа-алаңға емес, зияткерлік өзара іс-қимылдың толыққанды экожүйесіне айналды. Осы платформалар арқылы қатысушыларды іріктеу кезеңдеріне дайындап, шығармаларды талқылау, зияткерлік ойындар мен жаттықтыру квиздері ұйымдастырылды.
Қалалар мен аудандарда жергілікті оқырман клубтарының жұмысын жандандырған арнайы үйлестірушілер қызмет етті. Қатысушылар жүзбе-жүз кездесулерде кітаптарды қызу талқылап, алдағы зияткерлік сындарға бірлесе дайындалды.
Жоба алты негізгі бағыт бойынша қатысушылардың басын қосты:
- «Оқитын мектеп» – 30 534 қатысушы;
- «Оқитын педагог» – 17 002 қатысушы;
- «Оқитын әулет» – 10 987 қатысушы;
- «Оқитын колледж» – 4 788 қатысушы;
- «Оқитын университет» – 3 074 қатысушы;
- «Оқитын мемлекеттік қызметші» – 1 439 қатысушы.
Бұл сандар жобаның ауқымын ғана емес, оның әлеуметтік маңызын да айқындайды: кітап оқу мектеп оқушылары мен студенттерді, ұстаздар мен мемлекеттік қызметшілерді, тіпті тұтас әулеттерді бір арнаға тоғыстырған ортақ құндылыққа айналды.
Айта кету керек, жобаға қатысу үлкен дайындықты талап етті. Әр қатысушы белгіленген 15 шығарманы оқып қана қоймай, электронды оқырман күнделігін жүргізуге, алған әсерлерімен бөлісіп, оқыған дүниесіне жеке талдау жасауға тиіс болды.
Бұдан кейін іріктеу кезеңі – тестілеу жұмыстары жүргізілді. Оқырмандық танымымен озып шыққан үздіктер облыстық деңгейге жолдама алып, әдебиетті терең меңгеру деңгейін сарапқа салатын зияткерлік квизге қатысты.
Байқау жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды:
- І орын – 1 000 000 теңге;
- ІІ орын – 600 000 теңге;
- ІІІ орын – 400 000 теңге.
Жобаның нақты салмағы құрғақ есеп пен бекітілген қағидада емес, елдің оған деген ықыласы мен ішкі мазмұнында жатса керек. «Кітап оқитын ұлт» бастамасы жай ғана ресми шара болып қалмай, өңірдің білім беру мен мәдени ортасының ажырамас бөлігіне айналды. Жобаның шынайы ауқымы осындай игі істерден анық байқалады. Мәселен, Темиртау қаласындағы «Озат» мамандандырылған лицейінің оқушылары ұстаздарымен бірлесіп, байқауға енген кітаптардың электронды нұсқаларын ортақ платформаға жинақтады. Сондай-ақ бұл еңбектерін ағаштан қашалған символикалық кітап түрінде безендіріп, оқу үдерісі мен мәдениетті ұштастыра білді.
Қарқаралы ауданының Томар ауылында 1973 жылы туған №22мектептің 13 түлегі мектеп бітіргендеріне жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, өзара қаржы жинап, «Үздік оқырман» байқауын ұйымдастырды. Бұл – жобаның ұрпақтар сабақтастығына алтын көпір болғанының айқын дәлелі.
Ал Сарыобалы ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Ұлан Райымбек бастаған бір топ белсенді азаматтар жоба аясындағы кітаптар жинағын ауыл кітапханасына тарту етті. Бұл қадам кітап оқудың тек білім беру жүйесімен шектелмей, жергілікті қауымдастықтың тыныс-тіршілігіне айналғанын көрсетті.
Қарағандылық кітапханашы Нағима Зиядықызының еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Ол оқушылар арасында тұрақты түрде зияткерлік квиздер өткізіп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, әдеби шығармалар желісімен анимациялық фильмдер әзірледі. Бұл балаларды кітап әлеміне баураудың заманауи әрі соны форматына айналды.
Ал Шәкәрім атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Қалиасқарова 45 сұрақтың барлығына 8 минут 54 секундта қатесіз жауап беріп, байқаудың ең үздік нәтижелерінің бірін көрсетті.
Бұл мысалдар жобаның шын мәнінде халықтық сипатқа ие болғанын көрсетіп отыр.
Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтті:
«Дамудың алғышарты – ойлай білетін, әрдайым ізденіс үстінде жүретін, білімге ұмтылатын адам. Сондықтан біз бұл жобаны болашаққа бағытталған баға жетпес инвестиция деп білеміз және оны өңірімізде игі дәстүр ретінде жалғастыруды мақсат тұтып отырмыз».
Салтанатты жиында тек оқ бойы озық шыққандар ғана емес, кітапқа адалдығымен танылған қатысушылар да құрмет төрінен көрінді. Олардың қатарында 15 кітапты толық оқып шығып, 45 сұрақтың 37-і дұрыс жауап берген №56 мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің 77 жасар ұстазы – Роза Избастина, 80 жастағы Бағзат Оралбай апаның болуы – нағыз білімнің жас талғамайтынын көрсетсе керек. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілермен иық тіресіп, өз еркімен тестілеу тапсырған техникалық қызметкерлердің ынтасы да ерекше атап өтілді. Бұл – жобаның «нәтижеден бұрын, қатысу мен құлшыныс маңызды» деген басты қағидасын айғақтай түсті.
Шара барысында жобаның сәтті өтуіне мұрындық болған қала мен аудан әкімдіктеріне, білім және мәдениет басқармаларына, облыстың 13 аймағындағы барлық үйлестірушілер мен білім ошақтарының басшыларына шынайы алғыс айтылды.
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасы мәресіне жеткенімен, оның берген серпіні әлі ұзаққа созылмақ. Ең бастысы – кітап түрлі буын мен сан түрлі мамандық иелерін біріктіретін рухани алтын діңгекке айналды. Мұндай ауқымды істер жай ғана оқырман санын арттырып қоймай, кітап оқуды ұлттың күнделікті өмір салты мен айнымас мәдени дағдысына айналдырары хақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-madeniet/press/news/details/1207855?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау