Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан аумағындағы маңызды инфрақұрылымдық нысандарды аралап, кәріздік сарқынды суларды тазарту жүйелерінің жай-күйімен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы салаға жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, станциялардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді міндеттеді.
Алдымен аудан әкімі Көктерек кентінде жүзеге асырылып жатқан «Көктерек кентінде канализациялық тораптарды және тазарту имараттарын қайта құру (түзету-2)» жобасының орындалу барысын бақылап, құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, барлық жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Жобаның орындалуын үйлестіру аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысы С. Қаракұловқа жүктелді.
Сонымен қатар, аудан басшысы Сарыағаш қаласы аумағында орналасқан, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған кәріздік сарқынды суларды тазалау станциясының қызметімен танысты. Нысанның техникалық жағдайы мен жұмыс барысы зерделеніді. Оған қоса, сарқынды суды төгу кезінде ұқыптылықты сақтап, барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
Бүгінде аталған тазалау станциясы тұрақты әрі бірқалыпты режимде жұмыс істеуде. Техникалық ақаулар тіркелмеген, барлық жүйелер қалыпты жағдайда қызмет көрсетуде. Операторлар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындап, технологиялық процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етіп отыр. Қызмет етуші мекеме: «Сарыағаш – Тұрмыс» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.
Айта кетсек, кәріздік сарқынды суларды тазарту жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі — аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1207465?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау