Сержан Назарбек Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасы ұжымымен кездесті
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасына арнайы барып, медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Жиын барысында аурухананың бас дәрігері Айман Кенжебекқызы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Бүгінде аудан халқы 57 729 адамды құрайды. Оның ішінде 19 мыңнан астамы – балалар. Тұрғындарға медициналық қызмет 1 аудандық емхана, 1 ауылдық емхана және 14 дәрігерлік амбулатория арқылы көрсетілуде.
Аурухана 125 төсек-орынмен қамтылған. Сонымен қатар, аудан бойынша 80 күндізгі емдеу төсегі жұмыс істейді. Жалпы алғанда, медициналық ұйымдардың қуаттылығы тәулігіне 600 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
Салада цифрландыру да қарқын алған. Телемедицина жүйесі арқылы 12 қашықтықтан кеңес беріліп, шалғай елді мекен тұрғындарына қолжетімділік артқан. Бұдан бөлек, жылжымалы медициналық кешендер ауыл-аймақтарды аралап, 500-ден астам адамды тексеруден өткізді.
Медициналық көмектің қолжетімділігі де айтарлықтай жақсарған. Жыл басынан бері 6 453 тұрғын тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып, бұл мақсатқа 107 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Дәрілер «Әлеуметтік әмиян» жүйесі арқылы беріліп, үдеріс толық цифрлық форматқа көшкен.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша да оң өзгерістер байқалады. Психикалық аурулар 67 пайызға азайса, қан айналымы жүйесі аурулары 15,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, қатерлі ісіктерді ерте анықтау бойынша жұмыстар жолға қойылған.
Басқарма басшысы скрининг, аурулардың алдын-алу, тегін берілетін дәрі-дәрмек бойынша атқарылар тапсырмаларды жүктеді.
Сондай-ақ, жүкті әйелдерді дәрілік қамтамасыз ету бойынша мәселелер де көтеріліп, олардың шешілуіне тиісті міндеттемелер берілді.
Жиын соңында аталған нәтижелер сараланып, ауданда медицина қызметінің сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер белгіленіп, орындалуын бақылау бас дәрігерге жүктелді
Сонымен қатар, басқарма басшысы Сержан Назарбек өз сөзінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасына кеңінен тоқталып, бұл құжаттың саладағы негізгі стратегиялық бағыттарды айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, тұжырымдама аясында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, профилактикалық шараларды күшейту, цифрландыруды дамыту және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру басты басымдықтардың бірі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-densaulyk/press/news/details/1207484?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау