Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды кентіндегі медициналық нысандарды аралады. Өңір басшысының басты назарында – аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы және жөндеу жұмыстарының қарқыны.
«Shortandy Med» медициналық орталығының директоры Гүлжан Турсумбекованың айтуынша, орталық амбулаториялық-емханалық көмек, зертханалық диагностика және халыққа фармацевтикалық қызмет көрсетуді қоса алғанда, медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Науқастарды тек мекеме дәрігерлері ғана емес, сонымен қатар Астанадан келген мамандар да қабылдайды.
Ерекше назар кинезис-орталықтың жұмысына аударылды. Мұнда емдік тренажерлер, механотерапия және кинезитерапия әдістері арқылы науқастарды оңалту және қалпына келтіру жүргізіледі. Тренер Виктория Заремба орталықта күн сайын тірек-қимыл жүйесі мен буын аурулары бар 60-қа дейін науқас жаттығатынын атап өтті.
Марат Ахметжанов сондай-ақ Шортанды аудандық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың қыркүйегінде басталды. Биыл перзентхана, хирургиялық және терапиялық бөлімшелерде ішкі әрлеу жұмыстары мен желдету жүйесін орнату қарастырылған», – деп баяндады денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
«Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. Жөндеу жұмыстары созылып кетсе, қызмет көрсету сапасы төмендеп, халықтың шағымы көбейеді. Жөндеу жұмыстарын маусым айында аяқтауды тапсырамын, әрі әр кезеңде қатаң бақылау болуы тиіс», – деп атап өтті өңір басшысы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-shortandy/press/news/details/1207599?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау