Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Халықаралық су ресурстарын басқару институты (IWMI) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қою рәсімі «Климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстарын басқару» тақырыбындағы Орталық Азия климаттық конференциясының тақырыптық сессиясы соңында өтті. Құжатқа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен IWMI-дің Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Барбара Януш-Павлетта қол қойды.
Меморандум су ресурстары саласында бірлескен жобаларды іске асыруды, су ресурстарын басқару бағытындағы қолданбалы мәселелерді әзірлеу және шешу бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруды, сондай-ақ жерүсті және жерасты суына қатысты зерттеу, мониторинг жүргізу және басқару салаларында, оның ішінде трансшекаралық су ресурстары бойынша тәжірибе, ақпарат және озық тәжірибелер алмасуды көздейді.
Сонымен қатар халықаралық жобалар аясында бірлескен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, су ресурстары саласындағы басым бағыттарды айқындау бойынша консультациялар жүргізу, бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар мен симпозиумдар ұйымдастыру қарастырылған.
«Біз үшін су ресурстарын басқару саласындағы, оның ішінде жерасты суына қатысты озық халықаралық тәжірибе аса маңызды. Климаттың өзгеруі жағдайында жерасты суының әлеуетін тиімді пайдалану елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Бүгін қол қойылған меморандум жерасты суын тиімді игеруге, су қорын сақтау мен молайтуға ықпал ететін маңызды қадам болады деп сенемін», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1207736?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау