19–25 сәуір аралығында Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы Әскери қауіпсіздік және қорғаныс университетінің Құрлық әскерлері институты базасында Өзбекстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен «Vatanparvarlar» халықаралық әскери-спорттық жарысы өтті. Аталған жарыс Әмір Темірдің 690 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, әртүрлі мемлекеттердің жастары арасында достық қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен мәдениетке төнетін қауіптер мен жат идеологиялардан мектеп оқушыларын қорғау.
Халықаралық додаға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттерінің командалары қатысты.
Аталған беделді жарыста Қазақстан Республикасының намысын Абай облысының «Абай қырандары» құрама командасы қорғап, жалпыкомандалық есепте жүлделі II орынды иеленді.
Команда жекелеген сайыстар бойынша да жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда, әскерилендірілген эстафетадан және арқан тартудан І орынға ие болды. Сонымен қатар, мылтық атудан, белтемірге тартылудан және автоматты толық емес бөлшектеу және жинақтаудан ІІ орын алды. Ал алғашқы медициналық көмек көрсету сайысында ІІІ орынды иеленді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1208481?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау