Астанада экологиялық акция аясында жазғы веломаусым ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жазғы веломаусымның ашылуы өтті. Дәстүр бойынша жаппай велошеру ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Велошерудің қашықтығы 21 шақырымды құрады. Қатысушылар айналма веложолдан Қосшы қаласы бағытына қарай жолға шығып, Ильинка (Үркер) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» паркінде мәреге жетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, іс-шараға мыңнан астам адам қатысты.

Ұйымдастырушылар велошерулерді халықты тұрақты спортқа тартудың тиімді құралы ретінде қарастырады.

«Негізгі мақсат – тұрғындарды бұқаралық спортқа, әсіресе велоспортқа тарту, оны қолжетімді демалыс түріне айналдыру. Іс-шара барысында қатысушыларға жолда жүру ережелері мен қалада жаттығу мүмкіндіктері туралы да түсіндіріледі. Мұндай бастамалар қауіпсіз әрі белсенді өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Маусым ішінде тағы бірнеше жарыс өткізу жоспарланған, ал дәстүрлі жабылу іс-шарасы күзде өтеді», – деді спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек спорт алаңы ғана емес, сонымен қатар мотивация көзіне айналып отыр. Велошерулерге тұрақты қатысу дене шынықтырумен шұғылдануға және белсенді өмір салтын қалыптастыруға көмектеседі.

«Мен велошерулер мен жүгіру жарыстарына үнемі қатысамын, әр жолы ерекше әсер аламын. Белсенді өмір салтын таңдаған адамдардың көптігін көру – үлкен мотивация. Осындай шаралар спорттың күнделікті өмірдің бір бөлігіне айнала алатынын көрсетеді», – деді елорда тұрғыны Абылайхан Төлегенов.
Қатысушылар қатарында жас спортшылар да бар. Олар үшін мұндай велошерулер жаттығу процесінің бір бөлігіне айналған. Бұл – қосымша жүктеме алып, төзімділікті арттырудың тиімді жолы.

Қазақстан құрамасының биатлоншысы, 12 жастағы Абай Жұмабек түрлі дайындық түрлерін қатар алып жүреді. Оның айтуынша, велошеруге қатысу маусымаралық кезеңде спорттық форманы сақтауға көмектеседі.

«Мен биатлонмен айналысамын, сондықтан жыл бойы формада болу маңызды. Қыста – шаңғы, жазда – велосипед. Осындай жарыстар төзімділікті жоғалтпауға көмектеседі. Мұнда ұйымшылдық жоғары, маршрут та қызықты. Бұл тек жаттығу ғана емес, сонымен бірге жақсы көңіл күй сыйлайды», – деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1208609?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version