Астанада республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала аумағындағы ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандарын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Акция аясында елордадағы 60-тан астам ескерткіш пен мүсіндердің аумағы қамтылды. Олардың қатарында Қаныш Сәтбаев, Жамбыл Жабаев, Рақымжан Қошқарбаев, Мұхтар Әуезов, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова және т.б. нысандар бар.
Жұмыс барысында ескерткіштер мен бюстілердің айналасы қоқыстан тазартылып, мүсіндердің сыртқы келбеті жуылды.
Ірі нысандарды тазалау үшін арнайы техника, оның ішінде суару машиналары қолданылды.
Сонымен қатар жекелеген ескерткіштердің тұғыр бөлігін ретке келтіру, гранит тақталарын қалпына келтіру, жарықтар мен жіктерді бітеу жұмыстары жүргізілуде.
Ескерткіштер мен тарихи-мәдени мұра нысандарын таза ұстау – қала келбетін сақтаудың, қоғамдық кеңістікке жауапкершілікпен қараудың және тарихи мұраға құрмет көрсетудің маңызды бөлігі.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл жұмыстар елордада тазалық мәдениетін қалыптастыруға, тарихи орындарды ұқыпты сақтауға және қалалық ортаның сапасын арттыруға бағытталған.
Тазалау және ретке келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge #ТазаАула @TazaQazaqstan
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1208601?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау