ІІМ Кубогы Өскеменде қалды: «Титан» командасының тарихи жеңісі
Өскемен қаласының Спорт сарайында ішкі істер органдары бөліністері арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы жолындағы республикалық турнир мәресіне жетті. Биылғы айтулы дода алғаш рет жақында құрылған ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубының қолдауымен өтіп, Шығыс Қазақстан тәртіп сақшыларының айқын басымдылығымен аяқталды.
Төрт күнге созылған мұзайдынындағы тартысты бәсекенің басты нәтижесі — айдын иелерінің триумфы болды. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің «Титан» командасы өздерінің мызғымас көшбасшылығын тағы да паш етіп, қатарынан үшінші жыл чемпиондық атақты жеңіп алды.
Тәртіп сақшыларының кәсіби дайындығы мен ұйымшылдығы құрметті трофейді өз үйлерінде қалдыруға мүмкіндік берді.
Жүлделі орындар үшін еліміздің ең мықты аймақтық құрамалары бақ сынады. Турнир қорытындысы бойынша жеңіс тұғыры келесідей бөлінді:
– 1-орын (Алтын): «Титан» командасы (ШҚО ПД) — үш дүркін чемпиондар;
– 2-орын (Күміс): «Достар» командасы (СҚО ПД);
– 3-орын (Қола): «Жігіттер» командасы (Қарағанды облысы ПД).
Жабылу салтанатында ҚР ІІМ «ARLAN» спорт клубының бастығы полиция полковник Шоқан Жузенов құттықтау сөз сөйлеп, бұл сәттің ведомстволық спорт тарихы үшін маңыздылығын атап өтті:
«Бұл турнир — біздің спорт тарихымыздағы жаңа парақ. Ол жаңадан құрылған СК “ARLAN” спорт клубының аясында өткізіліп отырған алғашқы кубок. Қазақстан хоккейінің отанында осындай деңгейдегі жарысты жоғары дәрежеде ұйымдастырғаны үшін ШҚО Полиция департаментінің басшылығына шынайы алғысымды білдіремін. Мұндай іс-шаралар жеке құрамның бірлігін бекемдеп, жауынгерлік рухын шыңдауға зор серпін береді», — деді ол.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Болат Нұрсейітов спортшыларды құттықтап, жанкүйерлерге жарқын ойын мен жеңіске деген табжылмас жігерлігі үшін ризашылығын білдірді.
Турнир қорытындысы бойынша жекелеген номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
– «Үздік ойыншы»— Георгий Обухов («Титан» командасы, ШҚО);
– «Үздік шабуылшы» — Серік Шидеринов («Титан» командасы, ШҚО);
– «Үздік қорғаушы»— Марат Нажмиденов (ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің командасы).
Турнирдің жалғыз бойжеткені — Қостанай облысының «Тобыл» командасының ойыншысы Мадина Тажибаева ерекше сыйлықпен марапатталды. Оның ерлермен иық тіресе өнер көрсетіп, мұзайдынындағы кәсіби шеберлігі көпшіліктің ризашылығын тудырды.
Турнир оркестрдің сүйемелдеуімен және жанкүйерлердің қошеметімен жеңімпаздардың салтанатты шеруімен аяқталды. ШҚО полицейлерінің үш дүркін чемпиондығы аймақтың ІІМ жүйесіндегі басты хоккей орталығы деген мәртебесін нықтай түсті.
Тәртіп сақшылары «ARLAN» клубының қолдауымен өтетін мұндай жарыстар қызметкерлердің мінезі мен командалық рухын шыңдайтын игі дәстүрге айналатынына сенімді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1208670?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау