2026 жылғы 22-23 сәуірде Словак Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Қоршаған орта министрі Томаш Тараба Астана қаласына сапармен барып, Өңірлік экологиялық саммит жұмысына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бейінді министрліктерінің басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен өткен кездесу барысында су ресурстары саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, жерасты суларын басқару және мониторингтеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ суды қайта пайдалану және айналымдық сумен жабдықтау сияқты бірқатар басым бағыттар бойынша екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.
Қол қойылған құжатты іске асыру шеңберінде білікті кадрларды бірлесіп даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу, деректерді жинау және өңдеу саласында тәжірибе алмасу, су есебін цифрландыру және гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйін мониторингтеу, сондай-ақ су тасқындары мен құрғақшылыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағыттарында ынтымақтастықты дамыту жоспарлануда.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен өткен кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, климаттың өзгеруі, орман шаруашылығын дамыту, биоалуантүрлілікті сақтау, заманауи экологиялық технологияларды енгізу, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар көміртек жобаларын іске асыру, қалдықтарды басқару саласында экологиялық қауіпсіз шешімдерді енгізу және циркулярлық экономика қағидаттарына көшу бағыттарында ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері де жан-жақты қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен СР Қоршаған орта министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Қазақстан – Словакия Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Ерсайын Нағаспаев және Томаш Тараба машина жасау, электрондық және химия өнеркәсібі, сондай-ақ металлургия салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын талқылады.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі словакиялық компанияларды жер қойнауын пайдалану саласындағы аукциондарға қатысуға шақырып, Қазақстанның бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екенін және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар ұсынуға дайын екенін, соның ішінде арнайы экономикалық аймақтар тетіктерін қолдану мүмкіндігін атап өтті.
Словакия тарапы ағымдағы жылдың қараша айында Братислава қаласында Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан – Словакия Үкіметаралық комиссияның кезекті 11-отырысын Братислава қаласында өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Сапар аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылуы, Томаш Тарабаның Қазақстанның жетекші салалық министрліктерінің басшыларымен кездесулер өткізуі, сондай-ақ бірлескен бастамаларды іске асыру және тәжірибе алмасу жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтар Қазақстан мен Словакияның көпқырлы әріптестігін одан әрі нығайтуға маңызды серпін береді
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1208641?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау