Қазақстан транзиттік-логистикалық әлеуетті дамыту жұмыстарын күшейтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің басшылығы Алматы қаласындағы негізгі транзиттік-логистикалық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Жұмыс сапары аясында елдің транзиттік әлеуетін дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізілді. Ұлттық теміржол компаниясы мен мердігер ұйымдардың өкілдері «Алтынкөл – Жетіген» учаскесін жаңғырту және Алматы станциясын айналма теміржол желісін салу жобалары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының барысы туралы баяндады.

Ұзындығы 293 км болатын «Алтынкөл – Жетіген» жобасы бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. 1,5 млн м³ көлемінде жер төсемі толық төселіп, көпірлер мен су өткізу құрылыстары салынды. Микропроцессорлық орталықтандыру жүйелерін енгізу нәтижесінде учаскенің өткізу қабілеті тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұп пойызға дейін артты, сондай-ақ қозғалысты басқарудың қауіпсіздігі мен тиімділігі күшейтілді.

Алматы станциясын айналып өтетін ұзындығы 74,5 км айналма теміржол желісін салу аясында 2025 жылдың желтоқсан айында пойыздардың жұмыс қозғалысы іске қосылды. Іске қосылғаннан бері желі арқылы 150 мың тоннадан астам жүк тасымалданды. Жобаны іске асыру Алматы теміржол торабына түсетін жүктемені 40%-ға азайтып, жүк жеткізу мерзімін бір тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда жер жұмыстары толық аяқталған, 113,1 км бас және станциялық жолдар төселген, 18 көпір орнатылған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 306 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ «Zhetysu» терминалын тексеру барысында жобаның іске асырылу барысы туралы есептер тыңдалды. Терминал Kazakh-Chinese Trade and Logistics Company (Almaty) Ltd. бірлескен кәсіпорны арқылы АО «Кедентранссервис» және Xi’an Free Trade Port қатысуымен жүзеге асырылуда. Терминалдың қуаттылығы жылына 115 мың ДФЭ құрайды. Негізгі инфрақұрылым құрылысы аяқталып, TOS жүйесі енгізілді, жүк ауыстырып тиеу техникасы орнатылды және уақытша сақтау қоймасы мәртебесі берілді. Терминалды пайдалануға беру 2026 жылдың мамырына жоспарланған. Жоба Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, оны негізгі логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Алматы-1 вокзалын қайта жаңарту жұмыстары барысында мердігер ұйымдар мен жауапты қызметтердің есептері тыңдалды. Жоба шеңберінде вокзал ғимаратын қолданыстағы 17 165,5 шаршы метр аумақты сақтай отырып жаңғырту көзделген. Нысан заманауи инженерлік жүйелермен, күту залдарымен, сервистік инфрақұрылыммен және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жағдайлармен жабдықталады.

Қазіргі уақытта нысанда шатыр жабу, ғимарат қаңқасын күшейту, сыртқы инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Сапар қорытындысы бойынша жобалардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету және Үкіметтің 2026 жылы транзиттік тасымал көлемін 55 млн тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жұмыстар қарқынын арттыру тапсырылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1208672?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version