ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖЫР МЕН ӘДІЛЕТ ҮНДЕСТІГІ: РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қызылорда қаласында ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында «Әділетті заң – әділетті қоғам» тақырыбындағы жыршы-термешілердің республикалық байқауы жоғары деңгейде өтті.
Ауқымды мәдени іс-шараны Қызылорда облысының әкімдігі және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Аталған республикалық байқауды айтыскер ақын, үш мәрте «Алтын домбыра» және «Құрмет» орденінің иегері Ниязов Мұхтар Мәуленұлы жүргізді.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық өнерді ұлықтау, дәстүрлі жыр-терме мәдениетін дамыту және қоғамда әділеттілік, заң мен тәртіп құндылықтарын кеңінен насихаттау. Өнер додасына Астана, Шымкент қалалары мен Павлодар облысы, Қарағанды облысы, Ақтөбе облысы және Қызылорда облысынан келген 10 өнерпаз қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады.
Бірінші кезеңде қатысушылар «Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген жаңа туындыларын ұсынса, екінші кезеңде өз репертуарындағы үздік шығармаларын орындады. Қазылар алқасы орындаушылық шеберлік, мақам-сазды меңгеру, дәстүрлі мектеп ерекшеліктерін сақтау және шығарманың мазмұнын аша білу деңгейі бойынша бағалап, үздіктерді анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде Ерлан Рысқалиға бұйырды. Бірінші орынды Қарағандылық Дидар Қамиев иеленсе, екінші орын Марат Сүгірбайға табысталды. Ал үшінші орынды Ғабит Шырынбек (Шымкент қаласы) пен Бөкен Жігер (Павлодар облысы) бөлісті. Қалған қатысушылардың барлығы қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараның ашылуында облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілесе, марапаттау рәсімінде сөз алған ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастығы Абилдаев Асхат Дулатұлы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, қазылар алқсаның төрағасы Әбдікәрімов Шакизада Өтетілеуұлы және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Базартай Жандос Нұртайұлы қатысушыларды құттықтап, байқаудың маңыздылығына тоқталды.
«Бұл байқау — жыр-терме дәстүрін дәріптеумен қатар, заң мен тәртіп қағидаларын кеңінен насихаттаған маңызды рухани алаң болды.
Жалпы додада орындалған әрбір жыр – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, ұлт рухының үнін жеткізген асыл мұра болды. Сыр елінде өткен бұл рухани кеш жыр мен әділетті қатар өріп, көрермен жүрегіне терең әсер қалдырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-sayasat/press/news/details/1208572?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version