Тараз төрінде ұлттық өнердің қадірін ұғынған көпшілікті тоғыстырған тағылымды кеш өтті. Орталық «Баласағұн» концерт залында «Amanat» партиясының, облыс әкімдігі мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл – менің атым, халық – менің шын атым» атты халықаралық айтыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Айтыс шымылдығы жамбылдық Нұрлыбек Курманов пен Қырғызстаннан келген Нұрсұлтан Малдыбаевтың сөз сайысымен түрілді. Алғашқы сәттен-ақ көрермен тапқырлық пен суырыпсалмалыққа толы өнердің куәсі болды. Одан кейін сахнаға Мұхтар Қонарбаев пен алматылық Сулужан Таубалдиева көтеріліп, әсерлі айтыс өрнегін көрсетті. Әсіресе М. Қонарбаевтың «Бұл Тараздың өлшемі – тереңдік» деген ойлы жолы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Кештің шырайын кіргізген сәттердің бірі – жас ақын Инжу Жанабай мен қызылордалық, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов арасындағы айтыс болды. Инжудың қарсыласын «тірі Жамбыл» деп бейнелеуі мен оған берілген салмақты жауап өнердің биік деңгейін айқындады.
Сондай-ақ Жанерке Камбар мен павлодарлық Аспанбек Шугатаев та шеберліктерін паш етті. Аруна Керімбек (Т. Рысқұлов ауданының тумасы, қазіргі таңда Ақтөбе облысының намысын қорғайды) пен шымкенттік Аян Ниязбек арасындағы сөз қағысы да көрермен көңілінен шықты. Негізгі кезеңді қызылордалық Ержан Әмір мен қырғыз ақыны Мамбет Тоқто Мамбет Орозоұлы түйіндеді.
Финалда Нұрсұлтан Малдыбаев пен Жанерке Камбар, сондай-ақ Мұхтар Ниязов пен Аспанбек Шугатаев бақ сынасты. Айтысты Мәжіліс депутаты, белгілі ақын Аманжол Алтаев жүргізіп, кештің мазмұнын байыта түсті.
Қазылар алқасына айтыстың танымал шебері Ерман Жүрсін төрағалық етті. Оның құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Роза Мұқанова, ақын Даулеткерей Кәпұлы, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, облыстық айтыс орталығының директоры Ахметжан Өзбеков, айтыскер Айтмұханбет Исаков және журналист Жасұлан Әбдіманап болды.
Шараға облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев қатысты.
Қорытындысында бас жүлде жамбылдық Жанерке Камбарға бұйырды. Бірінші орын Мұхтар Ниязовқа, екінші орын Аспанбек Шугатаевқа, үшінші орын Нұрсұлтан Малдыбаевқа берілді. Аруна Керімбек облыс әкімдігі мен Еңбек Ері Мұқаш Искандиров тағайындаған 1 миллион теңгелік арнайы сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар, жоғары деңгейде өнер көрсеткен Инжу Жанабай да қазылар мен көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Тараздағы бұл айтыс тек жарыс емес, сөз өнерінің мерекесіне айналып, Жамбыл Жабаевтың мұрасы бүгінгі ұрпақпен сабақтастығын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-shu/press/news/details/1208575?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау