Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.
Тазалық шарасына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы қатысып, қала аумағын көркейту жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар, сенбілікке қала тұрғындары, қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары және түрлі сала мамандары қатысты. Жалпы іс-шараға 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды.
Сенбілік жұмыстары қала кіреберісінде орнатылып жатқан Тайқазан мүсіні аумағынан бастау алып, шаһардың барлық бөлігін қамтыды. Кәсіпкерлік нысан иелері де өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап, қоқыстарды шығару арқылы ортақ іске үлес қосты.
Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы 6 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1208680?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау