25 сәуір, сенбі күні елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті.
Іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен белсенді жастар телекөпір арқылы қосылып, «Денсаулық» саябағында ағаш көшеттерін отырғызды.
Акция барысында Президент сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағылымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы қолға алынғанын атап өтті.
– Халқымыз ежелден «тазалық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мәселен, арлы, ниеті түзу, адал адамды «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» деп сипаттайды. Бабаларымыз табиғатпен етене өмір сүріп, қоршаған ортаны қорғауды қастерлі міндет санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа зиян келтірмеуге тәрбиелеген. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашырлықпен қарауға үндеген. Бүгінде тазалық ұғымы ұлтымыздың болмысына тән асыл қасиетке, қоғамдық маңызы зор құндылыққа айналып отыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын дәлелі. Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің берік ұстанымы. Ақ пейілмен, түзу ниетпен атқарылған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осындай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл азаматтың адал еңбегінің арқасында жалпыхалықтық қозғалысқа айналды, – деді Президент.
Жамбыл облысында бұл күні «Таза Қазақстан» акциясына 12,2 мың тұрғын қатысып, 6 500-ге жуық ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде «Денсаулық» саябағында 500-ге жуық ағаш егілді.
Өңір басшысы акцияға белсенді қатысқан барша жамбылдықтарға, әсіресе жастарға ризашылығын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1208662?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау