Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаңарудың нышаны. Жер-ана бусанып, табиғат түлеген бұл мезетті қазақ халқы ежелден игіліктің бастауы деп бағалаған. Ынтымақ пен бірліктің ұлы мейрамы саналатын Наурызда ағайын бір дастархан басында бас қосып, наурыз көже ішіп, ақжарма тілектерін арнайды.
Осы дәстүр биыл да жалғасын тауып, Шымкент қаласындағы Бозарық шағын ауданында тұрғындардың бастамасымен Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтілді. Мерекелік шара ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды.
Салтанатты жиында ауыл биі Алмасхан Есбаев сөз сөйлеп, Наурыздың мән-маңызына тоқталып, жиналған жұртшылықты меремен құттықтады.
– Наурыз бұл тек мереке емес, бұл ұлттың рухын жаңғыртатын, елді бірлікке бастайтын ерекше күн. Осындай игі шараларды ұйымдастырып жүрген азаматтарымыздың еңбегі зор. Ауылымыздың дамуына үлес қосып жүрген әрбір жанға алғыс білдіремін. Бірлігіміз бекем болса, алар асуымыз да биік болады, – деді ол.
Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтар «Ауыл белсенділері» номинациясымен марапатталды. Олардың қатарында Нұркен Өткелбаев, Ержігіт Жаманбаев сынды ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар бар.
Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін сахналық көріністер қойылып, ән-күйден шашу шашылды. Түрлі этнос өкілдерінің билері орындалып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылар өзара бақ сынасты. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын көріністер көрермен ықыласына бөленді.
Ақ дастархан жайылып, наурыз көже ұсынылған шарада береке мен ырыс-несібенің символы ретінде шашу шашылды. Бұл күні тұрғындар бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, татулық пен достықтың үлгісін көрсетті.
Наурыз уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғырып, халықпен бірге жасасып келе жатқан өміршең мереке. Ұлттық құндылықтарымыздың айнасына айналған бұл күн биыл да тарихи өлкенің ұрпақтарын бір арнаға тоғыстырып, елді бірлікке үндеді. Бейбітшіліктің қадірін арттыра түскен Ұлыстың ұлы күні Бозарықта осылайша жоғары деңгейде аталып өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1209918?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау