Қазақстан мен ФАО аграрлық саладағы болашақ ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда RES-2026 іс-шарасына қатысуға келген БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Бас директордың орынбасары Виорел Гуцу мырзамен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар ФАО – Қазақстан әріптестік бағдарламасының іске асырылу барысын, бірлескен жобаларды әзірлеу және келісу үдерістерін, сондай-ақ ынтымақтастық келешегін талқылады.

Айдарбек Сапаров Қазақстанның ФАО-мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы негізгі халықаралық серіктес ретінде ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Қазір біздің сараптамалық топтардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде негізгі құжаттарды әзірлеудің соңғы кезеңі. Біз үшін әрбір жоба халықаралық стандарттарға және Қазақстанның АӨК дамыту жөніндегі ұлттық басымдықтарына сай болуы маңызды. Бұл бастамалардың орындалуы ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға елеулі серпін береді деп сенемін. Біз ФАО-мен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, тәжірибе алмасып, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруды жалғастырамыз», — деді министр.

Өз кезегінде Виорел Гуцу БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалайтынын және оны одан әрі тереңдетудің әлеуеті зор екенін айтты. Оның сөзінше, бірлескен жобалар нақты нәтиже көрсетіп отыр, сондықтан ұйым агроөнеркәсіптік сектордың орнықты дамуы мен өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған ықпалддастықты кеңейтуге мүдделі.

Әріптестік бағдарламасы аясында бірқатар стратегиялық жобаларға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, «Қазақстандық сорттар мен тұқымдар» ұлттық бастамасы бойынша Ақмола, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында деректер жинау аяқталды. Сонымен қатар, мақсатты көрсеткіштерді айқындау бойынша ФАО-мен бірлескен кеңестер өткізілді.

Топырақтағы органикалық көміртекті мониторингтеу, бағалау және верификациялаудың ұлттық жүйесін әзірлеу жобасы жақында іске қосылады және 2026–2029 жылдары толықтай қолға алынады. Сондай-ақ шегірткелерді мониторингтеу мен болжау жүйесін цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып жетілдіру жобасы әзірленуде.

Жалпы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ФАО бірлесіп 9,5 млн АҚШ доллары көлемінде 10 негізгі жобаны іске асыруда. Басым бағыттардың қатарында, сүтті мал шаруашылығы мен ветеринариялық қауіпсіздікті дамыту, балық шаруашылығы мен аквашаруашылық, селекция және тұқым шаруашылығы, жануарлар ауруларының алдын алу және бақылау, шегіртке мониторингін күшейту, сондай-ақ жер және су ресурстарын орнықты басқару бар.

Сондай-ақ Жаһандық экологиялық қордың (GEF-9) тоғызыншы кезеңі аясында өзара іс-қимыл перспективасы айтылды. Бұл жобалар жер ресурстарын орнықты басқару, су ресурстарын тиімді пайдалану, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттарын қамтиды.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі нығайта отырып, аталған саладағы жобаларды бірлесіп тиімді іске асыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1208940?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version