Қазақстандық курсанттар математикадан ТМД олимпиадасында күміс жүлдегер атанды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласында ТМД-ға мүше мемлекеттердің жоғары әскери оқу орындарының курсанттары арасында өткен Х Халықаралық математика олимпиадасы өз мәресіне жетті.

Зияткерлік додаға алты елдің өкілдері қатысты: Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан. Олимпиада үш кезеңнен тұрды және математиканың әртүрлі бөлімдері бойынша тапсырмаларды қамтыды. Бұл қатысушылардың дайындық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.

Жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынды Өзбекстан командасы иеленсе, екінші орын Қазақстан курсанттарына бұйырды, ал бірінші орынды Ресей командасы жеңіп алды.

Жеке біріншілікте үздік нәтижені Владислав Молофеев (Ресей), Нуралибек Өзбеков (Өзбекстан), Ислам Ермеков (Қазақстан) көрсетті.

Жеңімпаздар ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің төрағасының ауыспалы кубогымен, сондай-ақ медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов олимпиаданың маңызды нәтижелерінің бірі — Достастық елдерінің қарулы күштері арасындағы кәсіби және достық байланыстардың нығаюы екенін атап өтті.

– Мұндай іс-шаралар тек кәсіби құзыреттерді ғана емес, болашақ офицерлер арасындағы әріптестік рухты да қалыптастырады. Алған білім мен тәжірибе олардың алдағы қызметінде міндетті түрде қажет болады деп сенемін, – деді ол.

Зияткерлік сайыстардан бөлек, қатысушылар үшін мазмұнды мәдени-ағартушылық бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар Қазақстанның тарихымен, қазіргі жетістіктерімен және қазақ халқының қонақжай дәстүрлерімен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1208843?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version