«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА 1000 ТҮП АҒАШ ЕГІЛІП, ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында көктемгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылуда.
Іс-шара барысында республикалық маңызы бар А-15 автожолы бойындағы, болашақта жасыл желек саябаққа айналдыру жоспарланған 4 гектар аумаққа 1000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл игі бастамаға аудан әкімі Арман Абдуллаев, әкімдік қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» қағидасын ұстанған аудан тұрғындары көгалдандыру жұмыстарына ұйымшылдықпен атсалысты.
Сонымен қатар аудан көлемінде кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Шара барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелер бойындағы қоқыстар жиналып, арық-атыздар тазартылды, шөптер орылып, сырлау және әктеу жұмыстары атқарылды. Жалпы сенбілікке 1980 адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 30 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылды. Бұдан бөлек, 65 көше, 30 аялдама, 15 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 17 саябақ пен сквер, 17 спорт алаңшасы, 55 шақырым арық-атыз және 9 шақырым ирригациялық жүйе тазартылды.
Апта сайын ұйымдастырылатын сенбілік шаралары ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң әсерін тигізуде. Әрбір тұрғынның өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарауы – өңірдің көркеюіне қосылған маңызды үлес.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1208966?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version