Отырар ауданындағы С.Ерубаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектепте «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік!» тақырыбында тағылымы мол салтанатты мәдени іс-шара өтті.
Тағылымды кеш ардагер ұстаз, ұлағатты педагог Бимурзаев Жұматай Ахметұлының құрметіне арналды. Іс-шараның басты мақсаты – саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнаған ұстаздың өнегелі өмір жолын дәріптеу, оны жас ұрпаққа үлгі ету.
Алдымен қонақтар мектеп мұражайымен танысып, білім ордасының тарихы мен жетістіктеріне қанықты. Экскурсия барысында мектептің қалыптасу кезеңдері мен жеткен табыстары кеңінен таныстырылды.
Іс-шара аясында Ж.Бимырзаев атындағы физика кабинеті салтанатты түрде ашылды. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын белгісі.
Салтанатты жиын барысында ардагер ұстаздың өмірі мен еңбек жолына арналған бейнеролик ұсынылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов құттықтау сөз сөйлеп, ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтауға арналған бұл игі шараның маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде ұстаз еңбегінің қашанда құрметке лайық екенін атап өтіп, жас ұрпақты тәрбиелеудегі осындай тағылымды кездесулердің мәні зор екенін жеткізді.
Кеш барысында әріптестері мен шәкірттері, қадірлі қонақтар ұстаз туралы естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Мәдени кештің көркін концерттік бағдарлама айшықтап, ұстаздарға арналған әндер шырқалып, арнаулар оқылды.
Іс шарада аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Шербаев аудандық физика пәні олимпиадасының жеңімпаздарын марапаттап, дарынды оқушылардың келешекте бұдан да үлкен жетістікке жететініне сенім білдірді.
Айта кету керек, Бимурзаев Жұматай Ахметович – саналы ғұмырында бірнеше білім беру ұйымдарын басқарған, шәкірт тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі ұстаз. Ол «ҚазССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы медалімен марапатталған, сондай-ақ Отырар ауданының құрметті азаматы.
Тағылымды шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, ұстаз мәртебесінің әрдайым биік болуына тілектестік білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-qogam/press/news/details/1209944?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау