Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі алғашқы ұлттық AI Governance Cup байқауында «AI Қауіпсіздік» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Үздік жоба ретінде ІІМ-нің «TOR» — жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бірыңғай республикалық цифрлық платформасы танылды.
Жобаның басты ерекшелігі — жасанды интеллектіні қолдану.
ЖИ бейнебақылау және автоматты тіркеу жүйесіне енгізілген. Ол камералардан келіп түсетін деректер ағынын талдап, көлік құралдарын таниды, оларды іздеудегі деректермен салыстырады және жолдардағы ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Қарапайым тілмен айтқанда, жүйе тек құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймайды. Ол полицияға іздеудегі көліктерді жедел анықтауға, олардың қозғалыс бағытын бақылауға, автокөлікті маркасы, моделі және түсі бойынша сәйкестендіруге, сондай-ақ жүргізушілердің қауіпті мінез-құлық белгілерін айқындауға көмектеседі.
Бұл жедел әрекет етуге және ең бастысы — құқық бұзушылықтардың алдын алуға, адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Тек 2026 жылдың басынан бері «TOR» жүйесінің көмегімен:
басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізген шамамен 1 мың жүргізуші анықталып, ұсталды;
іздеуде болған 1,7 мыңнан астам автокөлік табылды;
мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 3 мыңға жуық автокөлікті пайдалану тоқтатылды, сондай-ақ 230-дан астам жалған нөмірлі көлік анықталды;
сақтандыруы мен техникалық байқауы жоқ 15,5 мыңнан астам автокөлік анықталды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 9,7% төмендеді.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша — 3,7% төмендеу тіркелді.
Оң динамика, соның ішінде, цифрлық шешімдерді енгізудің нәтижесінде сақталып отыр.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмысын жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-kyzylorda/press/news/details/1208849?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау