25 сәуір күні қала әкімі Әбілқайыр Байпақов «Таным» жекеменшік мектебінің оқушыларымен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты.
Экологиялық бастамаға мектеп оқушыларымен қатар ата-аналар да белсене атсалысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Табиғатты аялауға бағытталған бұл шара қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Шара барысында Әбілқайыр Байпақов жиналған қауымға алғысын білдіріп, жас ұрпаққа жүрекжарды тілегін жеткізді.
Бүгінгі игі бастама – туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Осындай шараларға белсенді қатысып жүрген жас буынға ризашылығымды білдіремін. Еккен әр ағаштарыңыз тамырын тереңге жайып, ел болашағына қызмет етсін. Табиғатты аялау – өз болашағымызды қорғау екенін ешқашан ұмытпаңыздар, – деді қала әкімі.
Акция аясында оқушылар жалпы саны 100 түп үйеңкі ағашын отырғызды. Жасыл желекті көбейтуге бағытталған бұл жұмыс қала экологиясын жақсартуға үлес қосып, жалғаса бермек.
Өз кезегінде оқушылар мен ата-аналар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, осындай пайдалы бастамалардың жиі өткізілуіне тілектестіктерін білдірді. Олар табиғатты қорғауға бағытталған мұндай шаралар жас ұрпақты еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және туған жерге жанашырлықпен қарауға тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1210721?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау