Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың төрағалығымен салық түсімдерін арттыру және берешектерді азайту мәселелері бойынша арнайы жиын өтті.
Жиынға аудандық кірістер басқармасының өкілдері, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шалқар Әбенов баяндама жасап, 2026 жылдың 23 сәуіріндегі жағдай бойынша жүргізілген талдау нәтижелерін ұсынды.
Баяндамашының мәліметінше, жеке тұлғалардың мүлік, жер және көлік салықтары бойынша берешегі бірқатар елді мекендерде сақталып отыр. Жалпы алғанда, жыл басымен салыстырғанда берешекті азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, ағымдағы жылы берешек көлемін кемінде 15 пайызға төмендету міндеті қойылған. Сонымен қатар, 2026 жылдың І тоқсаны қорытындысымен кәсіпкерлік субъектілерінің, оның ішінде тойхана, асхана және дәмханалардың бюджетке төлеген салықтары сараланды.
Ауданда барлығы 4752 кәсіпкер тіркелген, оның ішінде 12 тойхана жұмыс істейді. Бұл нысандар бойынша салық түсімдерінің динамикасы талданып, тиісті қорытындылар жасалды.
Жиын барысында ауылдық округтер мен кенттер бөлінісінде бірыңғай жер салығының орындалу көрсеткіштері де қаралды. І тоқсан қорытындысы бойынша жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалған.
Кездесу қорытындысында аудан әкімінің орынбасары жауапты мекемелер мен ауылдық округ әкімдеріне салық түсімдерін ұлғайту, берешектерді қысқарту және түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында қатысушыларға алдағы кезеңде белгіленген міндеттерді сапалы орындау қажеттігі атап өтілді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1210143?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау