Солт-Лейк-Сити, 2026 жылғы 28 сәуір – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, бизнес және жоғары білім саласының өкілдерінен құралған делегация 2026 жылғы 24-29 сәуір аралығында Юта штатында жұмыс сапарымен болды. Сапардың мақсаты – Астана мен Вашингтон арасындағы стратегиялық диалог аясында Қазақстан мен Юта штаты арасында тікелей екіжақты әріптестікті дамыту.
Бағдарламаның басты іс-шарасы 27 сәуірде Юта штатының Капитолий ғимаратында өткен штаттың Вице-губернаторы Дейдра М. Хендерсонмен кездесу болды. Тараптар инвестиция, қалалық даму, критикалық минералдар, озық материалдар, жоғары білім және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Вице-губернаторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан елімізге ресми сапармен келуге шақыру табысталды.
Делегацияны Алматы қаласын дамыту орталығының директоры Руслан Берденов және «Almaty Invest» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Бекенов бастап барды. Олар Қазақстанның ең ірі қаласы саналатын Алматының инвестициялық, индустриялық және қалалық инфрақұрылымды дамыту әлеуетін таныстырды. Ел ЖІӨ-сінің шамамен 23 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Кездесулерде Smart City инфрақұрылымы, жоғары технологиялық өндіріс, туризм және тау-шаңғы кластерін дамыту бағыттары ерекше назарға алынды.
Қазақстандық бизнес қауымдастығын Aqniet Group, Das-Sauda, Meisster Group, Nero Group және Center Elite NS компаниялары таныстырды. Білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін Astana International University президенті Серік Ирсалиев таныстырды. Тараптар Юта университеті және Оңтүстік Юта университетімен ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ аталған оқу орындарының Қазақстанның жоғары білім беру жүйесімен ықпалдасу мүмкіндіктерін қарастырды.
Сапар бағдарламасы аясында 47G, World Trade Center Utah, Bennett Group, Edison House, Neumont College of Computer Science, Provo Mining Association, Юта университеті және Space Dynamics Lab ұйымдарымен іскерлік кездесулер өтті. Бірқатар келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық және америкалық компаниялар электроника, озық материалдар, FMCG және өнеркәсіптік даму салаларында алдын ала келісімдер жобаларын әзірлеуге кірісті.
Сапарды Қазақстан Республикасының Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы Xander Group, Bennett Group және 47G ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырды. Оған Юта штаты Губернаторының экономикалық мүмкіндіктер жөніндегі кеңсесі мен World Trade Center Utah қолдау көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-san-francisko/press/news/details/1210902?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау