СҚО-да Үйлестіру кеңесінде жол жүрісі саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 28 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қ. Әбдіхановтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, онда жол жүрісі саласындағы заңнаманың сақталуы, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың жол-көлік оқиғалары мен жарақаттануды азайту бойынша қабылдап жатқан шараларының толықтығы туралы мәселе қаралды.

Отырысты ашқан Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Қайрат Әбдіханов жол-көлік оқиғаларын азайту жөніндегі шаралар «Заң мен Тәртіп» идеологиясына сәйкес келетінін атап өтті. Басты міндет – заң үстемдігін нығайту және жол жүрісінің әрбір қатысушысының әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру.

Қайрат Әбдіханов соңғы он жылда өңірде жол-көлік оқиғаларының саны 227-ден 593-ке дейін, зардап шеккендердің саны 329-дан 840 адамға дейін өскенін, ағымдағы жылдың 3 айында 100 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 15 адам, оның ішінде 3 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 17 баланы қоса алғанда 131 адам дене жарақатын алғанын, ал жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі жол жүрісі қағидаларын сақтамау болып қала беретінін атап өтті.

Облыс прокуратурасы жүргізілген талдау аясында есепке алу тіркеуінен жасырылған жол-көлік оқиғаларын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің заңсыз тоқтатылуын, жүргізушілерді жол жүрісі қағидалары бойынша білімін қайта тапсыруға жіберу туралы қаулылардың шығарылмауын, жол нұсқамаларының орындалмауын, автомобиль жолдарын сапасыз жөндеу мен күтіп ұстауды, автомектептерде қажетті оқу-материалдық базаның болмауын, сондай-ақ уәкілетті органдардың медициналық көрсеткіштер бойынша көлік құралдарын басқару құқығына қарсы көрсетілімі бар адамдарды осы құқығынан айыру бойынша шаралар қолданбауын анықтады.

Облыс прокуроры жолаушыларды тиісті сақтандырумен қамтамасыз етпей заңсыз жолаушылар тасымалын жүзеге асыру мәселелеріне, сондай-ақ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 53-бабы тәртібімен жол жүрісі қағидаларын білуін тексеру бойынша емтихандар қабылдауды ұйымдастыру проблемаларына назар аударды.

Жол-көлік оқиғаларының жүйелі профилактикасы үшін жауапты мемлекеттік органдарға өңір жолдарындағы апаттылықты төмендету бойынша ұзақ мерзімді өңірлік бағдарлама әзірлеу және аудан әкімдері мен Петропавл қаласы әкімінің дербес жауапкершілігін арттыру ұсынылды.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, Мамандандырылған цифрлық қосымшаны – өңірдегі апаттылықтың интерактивті картасын әзірлеуді аяқтау тапсырылды.

«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жол тәртібін арттыруға және апаттылықты төмендетуге бағытталған іс-шаралар тізбесін кеңейту және енгізу ұсынылды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» принципіне ерекше назар аударылды.

Жауапты мемлекеттік органдарға бақылау-қадағалау функцияларын күшейтіп қана қоймай, өңір жолдарында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануына жол бермеу үшін заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы халықпен кең ауқымды түсіндіру акцияларын өткізу тапсырылды.

                                Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-sko/press/news/details/1210652?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version