Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа бағдарламалық құжатын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, квазимемлекеттік сектор субъектілері, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламалық құжаттың мазмұнын жан-жақты талқылау, ұсыныс-пікірлерді жинақтау және тиімді шешімдер қабылдауға негіз қалыптастыру.
Кездесу барысында 2022–2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының іске асырылу барысы қорытындыланды. Қатысушылар қол жеткізілген нәтижелерді саралап, алдағы кезеңге арналған жаңа саясаттың басым бағыттарын айқындауға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
Талқылау барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тәсілдерін жаңғырту, қоғамда заң бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын орнықтыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, «тұрмыстық жемқорлық» ұғымын заңнамалық деңгейде нақтылау, квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтердің тиімділігін арттыру, қолданыстағы заңнамадағы құқықтық нормаларға ревизия жүргізу мәселелері де күн тәртібінде болды.
Жиында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбековтің айтуынша, биыл 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асырудың қорытынды кезеңі болып табылады. Осыған байланысты алдағы кезеңге арналған жаңа стратегиялық құжат әзірленіп жатыр. Толығырақ shymkala.kz сайтынан оқи аласыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1210596?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау