Атырауда «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы шеңберінде «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» деген тақырыппен ауқымды өңірлік форум ұйымдастырылды. Бұл іс-шара тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды.
Форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығының тұрғын үй қатынастары және нормативтік-техникалық реттеу департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімов, сондай-ақ мәслихат депутаттары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, коммуналдық қызмет өкілдері мен ПИК төрағалары қатысты.
«AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев жобаның жай ғана бастама емес, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге, қалалық ортаның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға бағытталған нақты тетік екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі басты міндет – мәселелерді тізбелеу емес, оларды шешудің жүйелі әрі нақты жолдарын қалыптастыру. Осы тұрғыда «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындардың өз үйін басқаруға белсенді қатысуына мүмкіндік беретін тиімді құрал болуы тиіс.
Форум қорытындысы бойынша тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама көтеріліп, нақты ұсыныстар әзірленді.
Іс-шара соңында бірнеше белсенді азаматқа алғыс хат табысталып, партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-atyrau-region/press/news/details/1210074?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау