Абай облысында өткен мерекелік концерт тек мәдени шара ғана емес, қауіпсіздік пен тәртіптің үйлесім тапқан үлгісіне айналды. Абай Арена кешенінде өткен кеште Қазақстанның және шетелдің өнер жұлдыздары сахна төрін қыздырып, мыңдаған көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Музыка мен мерекелік көңіл-күйге толы бұл кештің әр сәті нақты жоспар мен жүйелі жұмыстың нәтижесінде қауіпсіз өтті.
Көпшілік жиналған жерде тәртіп – көзге көрінбейтін, бірақ әрдайым сезілетін фактор. Осыны қамтамасыз ету үшін Абай облысы Полиция департаментінің 600-ге жуық қызметкері жұмылдырылып, әрқайсысы өз бағытында нақты міндет атқарды. Оның ішінде 390 полиция қызметкерлері, 180 Ұлттық ұлан сарбаздары.Сахнадағы жарық пен әуен қаншалықты үйлесімді болса, қауіпсіздік шаралары да дәл сондай дәлдікпен ұйымдастырылды.
Іс-шара қарсаңында гарнизондық таралым өткізген Абай облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Жасұлан Байкенов жеке құрамға тек тапсырма беріп қана қоймай, қызметтің мәнін айқындап өтті.
Ол қоғамдық қауіпсіздік – жай міндет емес, бұл халықтың сенімі екенін атап өтіп, әр қызметкер сол сенімнің кепілі екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай ауқымды шараларда ұсақ-түйек деген болмайды: әр қимыл, әр шешім – жалпы қауіпсіздіктің бір бөлігі.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау