Ақмола облысының Зеренді ауданында Көкшетау – Атбасар тас жолынан Шағалалы ауылына дейінгі автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Ұзындығы 3 км болатын бұл жол ауданның көлік жүйесінде маңызды рөл атқарады, сондай-ақ Приречное және Павловка ауылдарымен көлік қатынасын қамтамасыз етеді.
Аудандық билік өкілдерінің айтуынша, жолды жаңарту көлік қатынасының қолжетімділігін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін күшейтеді және жол жүру уақытын қысқартады.
«Қазіргі уақытта жол учаскелерін тегістеу, жол жиегін ағаш-бұта өсімдіктерінен тазарту, сондай-ақ жол негізін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда», – деді «РСУ-16» ЖШС учаске бастығы Данияр Садвокасов.
«Бұл жолмен күн сайын қалаға жұмысқа, ауруханаға, ауданға шаруамен қатынаймыз. Бұрын, әсіресе ауа райы қолайсыз кезде, жүру қиын болатын. Жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын көру қуантады, әрине, аяқталуын күтеміз», – деді Шағалалы ауылының тұрғыны Алмас Әбділманов.
Айта кетейік, бұл бағытта ірі инфрақұрылымдық жоба – Көкшетау қаласынан Зеренді ауылына дейінгі 47 км автомобиль жолын үш жолақты қозғалыспен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы басталған жоба аяқталу кезеңіне жақындады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін жолдың өткізу қабілеті артып, Зеренді ауданының туристік әлеуетін дамытуға қосымша серпін береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1210384?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау