90 ЖАСҚА ТОЛҒАН ТЫЛ ЕҢБЕК АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Шолаққорған ауылында тыл еңбек ардагері Қалман Ерденұлының 90 жасқа толуына орай аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ардагердің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы мерейтой иесіне құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады. Ардагердің ел дамуына сіңірген ұзақ жылғы еңбегіне жоғары бағалап, ізгі тілегін жеткізді. Жылы жүздесу барысында тағылымға толы әңгіме өрбіп, «Ардақты Ардагер» медальін табыс еті.
Шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен «Созақ үні» газетінің бас редакторы Мақсат Қарғабай қатысып, мерейтой иесіне ақжарма лебіздерін білдірді.
Қалман Ерденұлы 1936 жылы Жартытөбе ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын ерте бастап, 1944–1945 жылдары-ақ колхоз жұмысында еңбек етіп, ел игілігіне үлес қосты. 1956 жылы Кентау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдап, 1956–1959 жылдары Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскери қызмет барысында Украинадағы Смела қаласында кіші командирлер мектебін бітіріп, жауапты қызметтер атқарды.
Еңбек жолының бір кезеңінде Созақ аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінде қызмет атқарып, кейін аудандық кеңес атқару комитетінде нұсқаушы болды. 1963–1993 жылдар аралығында Созақ баспаханасының басшысы ретінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, саланың дамуына сүбелі үлес қосты. 1993 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан.
Ерен еңбегі ескеріліп, «Еңбек ардагері» медалімен, В.И.Лениннің 100 жылдығына арналған медальмен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Өз кезегінде Қалман Ерденұлы көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-suzak/press/news/details/1211020?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version