Абай облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті дәрілік заттардың бағасына жүргізілген тұрақты мониторинг нәтижелерін хабарлайды және азаматтарға медикаменттерді сатып алу кезінде өз құқықтарын қорғау механизмдері туралы еске салады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы қатаң регламенттелген. ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. №ҚР ДСМ-94 бұйрығына сәйкес, дәрілік заттардың 4 994 позициясы мемлекеттік реттеуге жатады. Әрбір сауда атауы үшін көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалар белгіленген.
2025 жылдың басынан бастап Департамент облыс желісіндегі дәрілік заттардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Мониторинг нәтижесінде бірқатар танымал препараттардың құны айтарлықтай төмендегені тіркелді.
Бағасы ең көп төмендеген ТОП-5 дәрілік зат: Гепар композитум Хеель — 41,2%-ға төмендеді; Ревмоксикам® — 32,5%-ға төмендеді; Цефяпс — 31,6%-ға төмендеді; ВАЛМАК-Н — 24,7%-ға төмендеді; Зитмак® — 20,0%-ға төмендеді.
Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп «Naqty Onim» қосымшасында цифрлық сервисті іске қосқанын естеріңізге саламыз. Оның көмегімен әрбір тұрғын препараттың заңдылығын, оның шекті құнын тексеріп, заң бұзушылықтар туралы жедел хабарлай алады.
Бұл қалай жұмыс істейді? «Naqty Onim» немесе «DARI.KZ» мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, сіз нақты уақыт режимінде келесі әрекеттерді жасай аласыз:
-Дәрінің қаптамасындағы штрих-кодты сканерлеу.
-Мемлекет белгілеген бекітілген шекті бағаны білу.
-Егер дәріханадағы баға ресми бағадан асып кетсе, тікелей Департаментке шағым түсіру (өтінішке чектің фотосуретін қоса беру қажет).
Азаматтарға препараттың түскен күні мен айналымға енгізілуін бақылауға болатын «тауар жолы» функциясына назар аударған жөн. Бұл жаңа шекті бағалардың нақты сол қаптамаға қатысы бар-жоғын түсінуге көмектеседі.
Бұл неге маңызды?«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының 43-бабына сәйкес, жаңа нормативтердің күші олар енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Егер дәріхана дәрі-дәрмек партиясын 2025 жылғы 18 шілдеге дейін (№ 470 бұйрық күшіне енгенге дейін) жасалған шарт бойынша сатып алса, оны бұрынғы бағамен сату заң бұзушылық болып саналмайды. Департамент шағымдарды қарау кезінде міндетті түрде «тауар жолын» қадағалайды. Тек баға регламенттері жаңартылғаннан кейін сатылымға түскен партиялардың бағасын көтеру ғана заң бұзушылық деп танылады.
Дәрі-дәрмектерді белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен өткізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл сомасы кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты және қомақты соманы құрауы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-abay/press/news/details/1211523?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау